Жаңа ережелер 1 тамыздан бастап күшіне енеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Енді жолаушылар бір реттік төлемнен бөлек, бірнеше күнге немесе айға арналған абонементтер, сондай-ақ белгілі бір сапар саны бар пакеттерді таңдай алады.
Атап айтқанда:
- 500 теңге – 1 күнге;
- 1500 теңге – 3 күнге;
- 2500 теңге – 5 күнге;
- 4000 теңге – 10 күнге;
- 5000 теңге – 15 күнге;
- 7500 теңге – 1 айға;
- 20 000 теңге – 3 айға.
Маңызды ескерту: Айлық жол жүру ақысын әр айдың 15-іне дейін сатып алсаңыз, ол келесі айдың соңына дейін жарамды болып саналады.
Ал 15-інен кейін сатып алған жағдайда, оның мерзімі келесі айдың 1-інен басталады:
- 900 теңге – 5 сапарға;
- 1800 теңге – 10 сапарға;
- 3500 теңге – 20 сапарға;
- 5000 теңге – 30 сапарға.
Қалай сатып алуға болады және ерекшеліктері қандай?
Күндізгі абонементтер мен сапар пакеттері бірінші валидациядан (тіркеуден) кейін жұмыс істей бастайды. Тәуліктік нұсқа күнтізбелік күннің соңына дейін, ал пакеттер сапарлар таусылғанша жарамды.
Қайдан алуға болады?
Қажетті жол жүру станция кассаларынан таңдап, "Tarlan Astana" көлік карталарына жаздыруға болады. Балансты кассадан немесе станция терминалынан тексеруге болады.
Карта жоғалған жағдайда белсенді абонементтер қалпына келтірілмейді және басқа картаға ауыстырылмайды. Қазіргі уақытта бұл жаңа жүйе тек "Tarlan Astana" желісінде ғана жұмыс істейді. Дегенмен, мамандар бұл жүйені қалалық автобус транспортымен біріктіру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Айта кетейік, Tarlan Astana ЛРТ желісі 16 мамырда ашылған болатын. Іске қосылған сәттен маусым айының соңына дейін бұл көлік түрі 3,2 миллион жолаушыны тасымалдады.