Қолайсыз ауа райына байланысты Ақтөбе, Ақмола және Павлодар облыстарында тас жолдардың уақытша жабылуына орай ҚТЖ жолаушылардың қатынауын қамтамасыз ету үшін теміржол арқылы тасымалдауды ұйымдастырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
10 наурыз күні Астана – Павлодар учаскесінде жолаушыларды №353 "Семей – Нұрлы жол" пойызына отырғызу ұйымдастырылды. Павлодар, Екібастұз, Шідерті және Ерейментау станцияларынан Нұрлы жол станциясына дейін 44 жолаушы жеткізілді.
11-12 наурыз күндері Ақтөбе – Атырау учаскесінде жолаушыларды тасымалдау келесі пойыздармен жүзеге асырылды:
№692 "Ақтөбе – Атырау" пойызы – Ақтөбе станциясынан Қандыағаш, Алға және Бестамақ станцияларына дейін 73 жолаушы тасымалданды.
№109 "Маңғыстау – Ақтөбе" пойызы – Алға, Бестамақ станцияларынан Ақтөбе станциясына дейін 13 жолаушы жеткізілді.
№110 "Ақтөбе – Маңғыстау" пойызы – Ақтөбе станциясынан Алға және Бестамақ станцияларына дейін 117 жолаушы тасымалданды.
№34 "Ақтөбе – Алматы" пойызы – Ақтөбе станциясынан Алға және Қандыағаш станцияларына дейін 44 жолаушы жеткізілді.
№691 "Атырау – Ақтөбе" пойызы– Қарауылкелді, Шұбарқұдық, Алға, Бестамақ станцияларынан Ақтөбе станциясына дейін 35 жолаушы тасымалданды.
Сондай-ақ, Павлодар – Астана учаскесінде жолаушыларды тасымалдау №139 "Павлодар – Пресногорьковская" пойызымен жүзеге асырылды. Шідерті, Ерейментау, Еркеншілік станцияларынан Астана станциясына дейін 64 жолаушы жеткізілді.
2026 жылғы қысқы маусым басталғалы қолайсыз ауа райына байланысты пойыздармен шамамен 2 мыңға жуық жолаушы жеткізілді.
Қолайсыз ауа райы жағдайында теміржол көлігі қозғалыстың ең қауіпсіз түрлерінің бірі болып қала береді. Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда