Ведомство сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Бобур Усманов Ташкенттегі Ресей Федерациясының елшісі Олег Мальгиновпен кездескен.
Келіссөз барысында өзбек тарапы Ресейде еңбек мигранттарына қатысты құқық бұзушылықтар мен қатігездік жағдайлары туралы жиілеп кеткен хабарламаларға ресейлік дипломаттың назарын аударды.
"Мұндай әрекеттер Ресей аумағында еңбек етіп жүрген өзбекстандық азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзу болып саналады және олар қабылдаушы елдің заңдарымен қорғалуға тиіс", – делінген ақпаратта.
Осыған байланысты Сыртқы істер министрлігі көтерілген мәселені мұқият зерттеуге шақырып, өзбек тарапының алаңдаушылығын Ресей Федерациясының тиісті құзыретті органдарына жеткізуді сұрады.
"Кездесу қорытындысы бойынша, Өзбекстан мен Ресей азаматтарының екі ел аумағындағы құқықтары мен бостандықтарын өзара қамтамасыз ету бойынша тығыз ынтымақтастықты жалғастыру туралы келісімге қол жеткізілді", – деп хабарлады Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі.
Алайда Сыртқы істер министрлігі алаңдаушылық тудырған оқиғаларға қатысты нақты мәліметтерді жариялаған жоқ.
Бұған дейін АҚШ Өзбекстанға 131 заңсыз мигрантты депортациялаған болатын, олардың қатарында Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан азаматтары да бар. Америкалық БАҚ деректеріне сүйенсек, чартерлік ұшақты Өзбекстан билігі толықтай қаржыландырған.