Ресми мәліметке сүйенсек, 3 қарашада 10 адам (6 бала және 4 ересек адам) қажетті емдеу курсынан өтіп, жағдайының жақсаруына байланысты ауруханадан шығарылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қалған 8 Қазақстан азаматы (6 бала және 2 ересек адам) Ташкент қаласының медициналық мекемелерінде ем қабылдауда. Дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты деп бағалап отыр. Барлық пациенттерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, олар білікті мамандардың тұрақты бақылауына алынған.
Жалпы ауруханаға Қазақстаннан жарысқа барған 18 адам (12 бала, 6 ересек адам) жатқызылған. Сонымен қатар елшілер 2 қараша күні кешке тағы бір бала инфекциялық ауруханаға жеткізілгенін хабарлады.
"Өзбекстан тарапы астан уланған науқастарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Олим Омоновтың, Ташкент қаласы әкімінің орынбасары Дурдона Рахимованың және Ташкент қаласы Денсаулық сақтау бас басқармасының басшысы Ботир Исабековтың тікелей қатысуымен қазақстандық азаматтардың емделуіне қажетті жағдайлар жасалды", – делінген елшілік таратқан хабарламада.
Отандастарымыздың жағдайы ҚР Өзбекстандағы Елшісі Ералы Тоғжановтың тұрақты бақылауында. Елшінің қатысуымен дәрігерлер ауруханада қалған пациенттердің жағдайы бойынша консилиум өткізді. Дәрігерлер жас футболшылардың денсаулық жағдайында оң динамика байқалып отырғанын атап өтті.
Ішек инфекциясының қоздырғыштарын анықтау мақсатында жүргізілген ПТР әдісі бойынша зерттеулердің түпкілікті нәтижелері бүгін дайын болады.
Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау министрліктері тұрақты байланыста болып, өзара консультациялар жүргізуде.
Бүгін Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілік қызметкерлерінің қолдауымен 13 қазақстандық елге оралды. Спорттық жарыстарға қатысу үшін Ташкентке келген 95 қазақстандықтың 12-сі Өзбекстан аумағында қалып отыр. Олардың 8-і ем қабылдауды жалғастырады.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев елге оралып жатқан Қазақстан азаматтарын күтіп алуды ұйымдастыруға, сондай-ақ олардың өңірдегі денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық тексеруден өтуін қамтамасыз етуге жауапты.