Таяу Шығыс бойынша келіссөз өткізу алаңы ретінде Түркістан ұсынылды

139

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады.  

Таяу Шығыс бойынша келіссөз өткізу алаңы ретінде Түркістан ұсынылды Фото: gov.kz

Қазақстан Таяу Шығыс бойынша келіссөздер өткізу алаңы ретінде Түркістанды ұсынып отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ермек Көшербаевтің Қатар мемлекетіне ресми сапары аясында сол елдің премьер-министрі әрі сыртқы істер министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Танимен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында тараптар қазақ-катар стратегиялық серіктестігінің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге ерекше назар аударды.

Жоғары және ең жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог екіжақты қатынастарды тереңдетуде және қол жеткізілген келісімдерді дәйекті іске асыруда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.

Келіссөздер барысында инвестициялық өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Тараптар энергетика, телекоммуникациялар, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика сияқты өзара қызығушылық тудыратын басым салалардағы бірлескен жобаларды уақтылы әрі сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

"Қатар Қазақстан үшін араб әлеміндегі жақын әрі сенімді серіктес. Біз қалыптасқан саяси диалог деңгейін, өзара сенім атмосферасын және екіжақты қатынастардың стратегиялық сипатын жоғары бағалаймыз", – деді Е.Көшербаев.

Шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани Қазақстан мен Қатар арасындағы қатынастардың қарқынды дамуын жоғары бағалап, Доханың стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша бірлескен бастамаларды ілгерілетуге дайын екенін растады.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Биылғы ақпанда Қатарда өткен Қазақстан мәдениеті күндері екі ел халықтарының өзара түсіністігін нығайтуға және жақындасуына маңызды үлес қосқаны қанағаттанушылықпен атап өтілді.

Келіссөздер барысында тараптар өзара туристік ағындардың артқанын атап өтіп, Қазақстан мен Қатар арасындағы тікелей әуе қатынасын одан әрі дамыту қажеттігін көрсетті.

Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша, ең алдымен Таяу Шығыстағы қазіргі жағдай аясында, жан-жақты пікір алмасу өтті.

Е.Көшербаев Қазақстанның барлық қақтығыстарды тек халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысы негізінде саяси-дипломатиялық жолмен реттеу жөніндегі ұстанымы өзгермейтінін атап өтті.

Осы тұрғыда министр Қатар басшылығының өңірде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіру мақсатындағы диалогты жолға қою жөніндегі күш-жігерін құптайтынын айтып, Қазақстанның Түркістан қаласында бейбіт келіссөздер өткізу үшін алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Әңгімелесушілер Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және АӨСШК сияқты халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында іс-қимылды үйлестірудің маңызын атап өтіп, жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарының жақындығын растады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақ-катар көпқырлы ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және екіжақты қатынастардың дамуына жаңа серпін беруге өзара мүдделілігін растады.

Еске салайық, наурыз айында Қатар Иранды Таяу Шығыс қақтығысына қатысы жоқ елдерге соққы беруді тоқтатуға шақырған болатын. Шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тани Катардың Иран мен АҚШ арасында дипломатиялық шешімдер іздеуде көмек көрсеткенін атап өтті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу