Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Таяу Шығыс елдерінде білім алып жатқан қазақстандықтар туралы пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Таяу Шығыстағы 12 мемлекетте 2500-ден аса қазақстандық студент оқып жатыр. Оның ішінде Біріккен Араб Әмірліктерінде шамамен 1722 отандасымыз білім алады. Қолда бар ақпарат бойынша университеттердің басым бөлігі студенттерді онлайн оқытуға көшірді. Тіпті Еревандағы америкалық университет қашықтан оқуға көшіп жатыр", – деді министр Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Саясат Нұрбектің айтуынша, Таяу Шығыстағы университеттерден кейбір студенттер Қазақстанға ауысуға ниет білдіріпті. Олардың қатарында отандастарымыздан бөлек, шетел азаматтары да бар. Осындай 500-ден астам ақпараттық сұрау келіп түскені белгілі болды.