Таяу Шығыс аймағында қалған қазақстандарды қайтару үшін 6 ұшақ дайын тұр. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Таяу Шығыс аймағында орналасқан онға жуық ел өз әуежайларын жапты. Әуе айлақтарының инфрақұрылымына шабуылдар жасалған. Бүгінде ұйымдастырылып жатқан рейстер – арнайы, жеке эвакуациялық рейстер. Бағыттар алдын ала нақты белгіленген: бір бағыт Сауд Арабиясы мен Египет арқылы болса, тағы бір бағыт Түркия арқылы өтеді. Екінші негізгі бағыт – Сауд Арабиясынан Пәкістан арқылы Қазақстанға қарай жету. Қазіргі таңда осы екі негізгі маршрут қарастырылып отыр", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз брифингінде.
Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, алғашқы эвакуациялық FlyDubai рейсі ұшып шықты.
"Қазақстан тарапынан Air Astana мен SCAT әуе компанияларының алты ұшағы дайын тұр. Әуе кеңістігі ашылған жағдайда біз бірден қосымша рейстерді жібереміз", – деді Көлік министрі.
Ведомство басшысы қақтығысқа дейін аймаққа әр күні 15 рейс орындалғанын айтты. Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты бұл рейстер тоқтатылған.