Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, эвакуация басталғалы бері Таяу Шығыс елдерінен 8585 қазақстандық елге қайтарылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
ҚР Сыртқы істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп, Таяу Шығыстан азаматтарымызды қайтару жұмыстарын жалғастыруда.
Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері жергілікті жерде іс-қимылдарды үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, отандастарымызбен тұрақты байланыста.
Күні кеше сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Израиль Мемлекетінің Сыртқы істер министрі Гидеон Саармен телефон арқылы сөйлесіп, Израильде жүрген Қазақстан азаматтарын эвакуациялауға жәрдем көрсету туралы өтініш білдірді.
Өз кезегінде Гидеон Саар Израиль тарапы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау мәселесін шешуге бар күш-жігерін салатынын жеткізіп, бұл мәселені өзінің жеке бақылауына алатынына сендірді.
Сондай-ақ, бүгін Air Astana әуе компаниясы Оман астанасы Маскат қаласынан репатриациялық рейстерді орындайды. Барлық рейс Алматы қаласына бағыт алады деп жоспарланып отыр.