СІМ өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан азаматтары арасында қаза болғандар немесе зардап шеккендер туралы ақпарат тіркелмеген. Қазақстандық дипломаттар орталық аппаратта және өңір елдеріндегі елшіліктерде тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес отандастарға көмек көрсету жұмыстарын жедел үйлестіру үшін арнайы штаб құрылған. Эвакуация барысында зейнеткерлерге, ата-анасымен бірге жүрген балаларға, жүкті әйелдерге, кәмелетке толмағандарға және денсаулығында шектеулері бар азаматтарға басымдық беріледі.
Қазіргі уақытта Иранда – 47, Израильде – 163, Қатарда – 3000-нан астам, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 4000-нан астам, ал Сауд Арабиясы Корольдігінде шамамен 1800 Қазақстан азаматы бар. Аталған елдердегі азаматтармен тұрақты байланыс орнатылып, жағдайға байланысты қажетті ұсынымдар беріліп отыр.
Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп эвакуациялық рейстер ұйымдастырды. Жақын уақытта Маскат қаласынан Алматыға 314 азамат мінген рейс келеді. Бұдан кейін осы бағыт бойынша шамамен 230 қазақстандықты қамтитын екінші рейс жоспарланған. Осылайша, Оманнан елге 500-ден астам азамат оралады деп күтілуде.
Сонымен қатар бүгін Джидда – Атырау және Джидда – Ақтау бағыттары бойынша эвакуациялық рейстер жоспарланған. Бұл рейстер арқылы 326 қазақстандық елге қайтарылады.
Әуе рейстерімен қатар эвакуация жерүсті жолдары арқылы да жүргізіліп жатыр. Тегеран, Ашхабад және Горган қалаларындағы дипломатиялық мекемелер 15 азаматтың Иран – Түрікменстан шекарасы арқылы өтуін қамтамасыз етіп, оларды әрі қарай Ақтауға жеткізуге көмек көрсетті.
Бұдан бөлек, Тегеран мен Еревандағы дипломаттар "Заркух" компаниясының Иранда қалған 35 қызметкерін эвакуациялады. Олар автобуспен Иран – Армения шекарасынан өткен.
Әуе кеңістігіне қойылған шектеулерге байланысты СІМ белсенді әскери іс-қимылдар толық тоқтап, жағдай тұрақталғанға дейін Таяу Шығыс елдеріне сапарлаудан бас тартуға кеңес берді.
Министрлік өңірде жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аймақтарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқауларын орындауға және Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтарымен тұрақты байланыста болуға шақырды.