Шара барысында 10 аудан мен 10 ауылға салтанатты түрде JINMA 904A маркалы 20 жаңа трактордың кілті табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Байқау үздіктері "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында интернетпен қамту, абаттандыру мен көгалдандыруда креативті әдіс қолдану, тұрмыстық қалдықтарды басқаруды ұйымдастыру, халықты экологиялық іс-шараларға белсенді тарту, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындардың тазалығы, меценаттармен белсенді жұмыс бағыттары секілді 20-ға жуық номинация бойынша анықталды.

"Аймақ экономикасы, өнері мен мәдениеті, экологиясы мен тазалығы – баршамызға ортақ. Ал тазалық дегеніміз – жылына бір рет сенбілікке қатысу емес, бұл – біздің өңірде қалыптасуы тиіс үлкен мәдениет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл жөнінде "Қалалар мен ауылдардың сәулетті, саябақтар мен ауланың таза болуы, ең алдымен, басқаға емес, өзімізге керек", – деп айрықша атап өткен болатын. Сіздер өз ауылдарыңызды абаттандырып, көгалдандыру арқылы өзгелерге үлгі көрсеттіңіздер. Байқауға қатысып, белсенділік танытқан елді мекендерге 20 жаңа трактордың кілтін табыстап отырмыз. Техникалар ауылдарыңыздың гүлденіп, таза әрі жайлы болуына қызмет етеді деп сенемін. Бұл байқауды дәстүрге айналдырып, келесі жылы да жалғастырамыз", – деді облыс әкімі Берік Уәли.
Биыл облыста "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында ауқымды жұмыс атқарылды. Тазалық науқандарына 349 мыңнан астам тұрғын атсалысып, 52 мың тонна қалдық шығарылды.
Көгалдандыру жұмыстарының нәтижесінде 70 мыңнан астам көшет егілді. Ғарыштық мониторинг арқылы анықталған 191 рұқсат етілмеген қоқыс орындары жойылды.