Тазалық пен технология үйлесімі: Астанада ерекше бастамалар қолға алынды

102

Өркениет түрленіп, жаңа технологиялар адамзат тіршілігіне қарқынды еніп жатқан тұста үдерістердің көшінен қалмау – кім-кімге де парыз. 

Тазалық пен технология үйлесімі: Астанада ерекше бастамалар қолға алынды

2026 жыл Қазақстанда Президент Жарлығымен "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы" деп жарияланғанын білеміз. Бұл қадам дүрмекке құрылған құр жалаң сөз емес, елдегі барлық саланы дамытуға негізделген тұжырым.

Бұған дейін еліміз "Таза Қазақстан" жалпыұлттық бастамасын көтеріп, әр өңірде экологиялық акциялар ұйымдастырды. Бұл істі атқаруда тазалыққа жауапты мекемелердің де рөлі орасан. Көпке үлгі ретінде елорданың қоғамға жайлы болуын қамтамасыз етіп отырған "Астана Тазалық" ЖШС коммуналдық кәсіпорнын алға тарта аламыз. Осы тұста біз мекемеге бас сұғып, цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық.

Барлық қызметкердің денсаулығы бақыланып отыр

Алдымен айта кетер жайт, кейінгі жылдары "Астана Тазалық" ұжымы цифрландыру үрдістерін белсенді түрде қолданып жатқанын байқадық. Бұған кәсіпорында еңбек етіп жатқан 5 маманның септігі тигені анық. Оның үшеуі автоматтандыру және аналитика бағытында қызмет етсе, қалған екеуі жүйелерге жауап береді. Соның бірі – ұжымның IT маманы Жарас Ахмедия.

Біз әңгімелескен жас маман көбіне автоматтандыру саласына машықтанған. Осы істің арқасында ол "Астана Тазалық" мекемесіндегі жүргізушілердің жұмысқа шығу уақыты біршама жылдамдатылған.

– Автоматтандырудың басты мақсаты – жұмыс уақытын тиімді пайдалану және адами факторларды азайту. Мекеменің жүргізушілері таңертең жұмысқа келгенде міндетті түрде медициналық тексеруден өтеді. Ал оларды осы уақытта 5 медициналық аппарат арқылы тексереміз. Бірі – Med365 қондырғылары болса, екіншілері Adalchek аппараттары. Мысалы, таңда жүргізуші жұмысқа келеді, рөлге отыру үшін медициналық тексерістен өтуге тиіс. Көп уақыт жоғалтпай аппараттың алдына отырады. Қондырғы қызметкерді лезде бет әлпетінен таниды. Жүргізуші кезекалды тексерісті таңдаған соң, аппарат бір мезетте оның қан қысымын, дене қызуын, алкоголь деңгейін, көз жанары арқылы наркотикалық зат қабылдаған не қабылдамағанын анықтайды. Бұнымен шектелмей, денсаулыққа қатысты қосымша шағымы бар-жоғын сұрайды, – деп түсіндірді Жарас Бүркітұлы.

Бұл ақпараттар бірден онлайн түрде дәрігердің алдына келіп түседі екен. Егер бәрі жақсы болса ғана дәрігер жұмысқа шығуға рұқсат етеді. Осы тексерістерге бар болғаны 2-3 минут жұмсалатын көрінеді. Ал бұрын әр жүргізушіні дәрігерлер ұзақ тексерген, тексерушілер кезекке тұрып, екі дәрігерге ауыртпалық түскен. Бұл өз кезегінде жұмыс процесінің тұралауына да әсер еткені анық. Жаңа медициналық аппараттар осыдан шамамен 1,5 жыл бұрын қолданысқа беріле бастапты.

– Бұрын күмән көп болушы еді: мәселен, бір ауырып келген немесе ішімдік ішкен жүргізуші жұмысқа шыға беруі үшін дәрігермен келісіп немесе ақша беріп өтіп кетуі мүмкін деген секілді. Ал қазір аппаратты ешкім алдай алмайды. Егер аппаратқа бір жүргізушінің орнына басқа адам өтуге тырысса, лезде дабыл беріп, өткізбей тастайды, – деді IT маман.

ЖИ мүмкіндіктерін жүргізушілер пайдаланады

Осы түсті мекеменің цифрландырудың үдересінен қалмай келе жатқанын дәлелдейтін бір ерекше істі байқадық. 1 жыл бұрын "Астана Тазалық" коммуналдық кәсіпорны барлық жұмысты бақылап онлайн отыруға мүмкіндік беретін "Астана Тазалайк" жүйесін құрған. Бұл жүйенің қосымшасы әрбір қызметкердің смартфонына жүктелген. Яғни, жүмысшылардың қай уақытта жұмысқа келгені, өз ісін қалай атқарғаны бақыланып отырады.

– Жүйеде қай жүргізуші қай ауданда жүргені дәл көрсетіледі. Әр жүргізушінің парағы болады, бригадирлер жұмысшының неше сағаттан бері жұмыс істеп жатқанын бақылай алады. Әр көлікке GPS және жанармайдың деңгейін анықтайтын датчик орнатылған. GPS жүргізушінің қанша шақырым жүргенін, қозғалысы туралы деректерді жеткізеді – қанша рейс жасады, қанша үзіліс алды, бәрі бар. Мысалы, су құятын аумаққа кірген кезде неше минутта су толтырып алғанына дейін біле аламыз. Егер жүргізуші бір орында қозғалыссыз ұзақ тұрып қалса, орталыққа бірден белгі береді. Әр көлік жұмыс уақытында қандай орташа жылдамдықпен жүрді, ең қатты жылдамдығы, бәрінің ақпараты бар. Көліктегі артық май шығыны да жазылады, бір көлік шамадан тыс жанармай тұтынса, яғни, ол көліктің қозғалтқышын жөндеу керек деген сөз, – дейді Жарас Ахмедия.

Барлық ақпаратты саралай келе, жүйе автоматты түрде жұмысшының еңбек деректерін есептеп, кадр бөліміне жібереді екен. Мамандар сол арқылы жалақы есептейді. Айтпақшы, жоғарыда айтылған медициналық тексерістің есептері де жүйеге енгізілген. Кейбір қызметкерлерде жоғары қан қысымы болғаны үшін анықтамасы бар. Біреуге 120/80 стандарт болса, анықтамасы барларға стандарт басқаша есептеледі.

– Бұрын мекемеде бір мәселе болды: жұмысшылар көлікте келе жатып ұйықтап кететін. Бірнеше жол апаты да тіркелді. Кейін біз әр көлікке жасанды интелектісі бар камераларды орнаттық. Бұл камералар жүргізушінің көзі жұмылып кетпеді ме, салонда темекі шегіп отыр ма, телефон қолданды ма – соны анықтайды. Мекемеге тиесілі 450 техниканың 100-іне камералар қойылды. Алдағы уақытта көбейткелі отырмыз. Мысалы, егер жүргізуші ұйықтап кетсе, лезде дабыл келеді. Біз бір көліктегі үш камераның түсірілімі көрініп тұрады. Біріншісі, жүргізушінің бетіне тікелей қарап тұрған камера, екіншісі, жолға қарап тұрғаны, үшіншісі, GPS камерасы, – деді маман.

"Астана Тазалық" ұжымының цифрландыру саласына қатысты жоспарлары бұнымен бітпейді екен. Жарас Бүркітұлының айтуынша, алдағы уақытта кәсіпорынның қойма жүйесі цифрланбақ.

– Қазір біз қоймада қанша зат жатқанын көзбен өлшеп қана көре аламыз, нақты санын білмей қалуымыз мүмкін. Қазір сараптама жүріп жатыр, жыл соңына дейін қойманы толық автоматтандырып бітеміз. Мекеме 1 айда 50 бума А4 қағазын тұтынады десек, жасанды интеллект жүйесі соның аз не кем жұмсалғанын, қанша уақытқа жететінін анықтайды. Мерзімі өтіп бара жатқан заттарды да анықтап беріп, не сатып алуымыз керегі жөнінде кеңестер беретін болмақ, – деп түйіндеді IT маман.

Қорытындылай айтқанда, шаһардың тазалығына жауапты ұжымның жетістігі мол екеніне көз жетті. Бұл істер алдағы уақытта жалғасын таба береріне сенім кәміл.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу