Еліміздің мемлекеттік театрлары биылғы маусымда 16 мыңнан астам спектакль мен мәдени бағдарламаны көрермен назарына ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оларды 2,8 млн-нан астам адам тамашалаған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Елімізде 59 театр жұмыс істейді, театр саласында 8,1 мыңнан астам адам еңбек етеді.
Маусым барысында драма, опера, балет, музыкалық комедия, балалар мен жасөспірімдерге арналған қойылымдарды қамтыған 410 жаңа премьера сахналанды.
Елімізде мәдениет пен өнерді дамытуға басымдық беріліп келеді. Соның аясында бірқатар театрларға жаңа мәртебелер берілді, атап айтқанда Максим Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры "Ұлттық" мәртебеге, ал Солтүстік Қазақстан облыстық Сәбит Мұқанов атындағы театр "Академиялық" мәртебеге ие болды.
Сонымен қатар мәдени инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының ғимараттары қайта жаңғыртылуда.
Маусымдағы ірі премьералар қатарында "Қыпшақ қызы Аппақ" операсы, "Хан Сұлтан. Алтын Орда" операсы, "Carmina Burana" балеті және өзге де қойылымдар бар.
Театр маусымы аяқталғанға дейін жаңа премьералар да жоспарланған.