"Техникалық маманның кейпіне енген": Қарағандыда интернет желісін кесіп, кабель ұрлаған күдікті ұсталды

497

Қарағандыда полиция желілік жабдықтарды бірнеше рет ұрлады деген күдікпен 26 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады.

"Техникалық маманның кейпіне енген": Қарағандыда интернет желісін кесіп, кабель ұрлаған күдікті ұсталды Фото: polisia.kz

Күдікті жоспарлы техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізіп жүрген маманның кейпіне еніп, қылмыс жасаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ол жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандай көрініп, тұрғындардың сеніміне кірген. Қала көшелерінің бірінде қозғалыс датчигі бар бейнебақылау камерасы коммуникациялық желілермен жұмыс істеп жүрген ер адамды түсіріп алған.

Үй тұрғындары оны провайдер қызметкері, желіні жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жүрген маман деп ойлаған. Алайда ол кеткеннен кейін үйлерде интернет пен байланыс үзіліп қалған. Осындай жағдай тағы екі рет қайталанған.

Күдік туындаған соң тұрғындар апаттық қызмет бригадасын шақырған. Оқиға орнына келген мамандар ақаудың себебін тез анықтады: белгісіз адам желілік кабельді кесіп алып, өзімен бірге алып кеткен.

Күдікті жалпы ұзындығы 120 метрден астам кабельді қолды қылған.

Зардап шеккен телекоммуникациялық компания өкілдері полицияға арызданған. Келтірілген жалпы материалдық шығын 1,2 миллион теңгеден асты.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарағанды қалалық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оның жүрген жерін тапты. 26 жастағы тұрғын ұрланған мүлікті жақын маңдағы металл қабылдау пунктіне өткізіп жіберген.

Қазіргі уақытта ұсталған азаматқа қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу