Тек полицейлердің көлігін жуатын орталық ашылды

Енді тәртіп сақшылар көлік жуып, әуре болмайды.  

Тек полицейлердің көлігін жуатын орталық ашылды Фото: Оңғар Бауыржанұлы

Павлодар облыстық полиция департаментіне қарасты автошаруашылық мекемесі соңы 40 жылда алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Мұндағы көлік жөндеу орталығы жаңарып, техникаларды жуатын орын ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жергілікті полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Тұңғышбаевтың айтуынша, көлік жуу орталығының қызмет көрсетуі нәтижесінде тәртіп сақшыларының уақыты айтарлықтай үнемделеді. Бұған дейін олар жекеменшік орталықтарға барып, қызметке ақы төлеп, шамаман 1,5-2 сағат уақытын жұмсаса, енді полиция көліктері 3-10 минутта мұнтаздай боп жалтырайды. 

"Бұл көлік жуу орнының ерекшелігі - қызметкерлер көліктің кірлегеніне қарап, режимді өздері таңдайды. Таза көлік қызметкерлеріміздің имиджіне де әсер етеді. Олар әрдайым жуылған болуы тиіс", - дейді Рүстем Тұңғышбаев.

Сондай-ақ, көлік жөндеу базасы күрделі жөндеуден өтіп, дөңгелек жөндеу орны өз жұмысын бастады. Бұл станцияға бөгде техникалар кіре алмайды. Олай болған жағдайда, дабыл қызметі іске қосылады. Әрі бейнебақылау жүргізіледі. Айта кетерлігі, қызметтік көліктердің дөңгелегін жөндеу орны тәулік бойы жұмыс істейді. 
Полицейлерге жасалған тағы бір қолайлы жағдай - шаруашылық базасында жанармай құю бекетінің ашылуы. Мұнда пилоттық жоба ретінде сыйымдылығы 45 тонна болатын аппараттар қойылды.  

"Сол арқылы жанар-жағармай алатын талон жүйесінен арыламыз. Барлық көлікте орнатылған GPS құрылғысы көмегімен көліктің қайда екенін, қандай көлемде жанармай жұмсағанын бақылауға болады. Бұл полицейлердің қылмыс орнына жедел жетуіне оң әсер етеді. Себебі бекет іздеп, әуреге түспейді", - дейді департамент бастығының орынбасары. 

Павлодар облысына жұмыс сапарымен келіп, аталған орталықтардың қызмет көрсетуімен танысқан ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов мұндай мүмкіндіктердің полиция жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеріне сенім білдірді. 



 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу