Telegram аккаунтына бұзып кірудің қауіпті схемасы пайда болды

300

Telegram-ның қолдау қызметі ешқашан пайдаланушылардан үшінші тарап боттары немесе күмәнді сілтемелер арқылы растау кодтарын сұрамайды.  

Telegram аккаунтына бұзып кірудің қауіпті схемасы пайда болды Фото: shutterstock.com

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы Telegram аккаунттарына бұзып кірудің жаңа схемасы туралы ескертеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Шетелдік дерек көздердің мәліметінше, алаяқтар пайдаланушыларға Telegram-ның ресми қолдау қызметі атынан жалған хабарламалар жіберуде. Мұндай хабарламаларда аккаунтты жою туралы сұрау салу келіп түскені, ал оны болдырмау үшін шұғыл түрде арнайы батырманы басу қажет екені көрсетіледі.

Әдетте алаяқтар пайдаланушыны уақытпен шектеп, аккаунтты жоюды тек 24 сағат ішінде ғана тоқтатуға болатынын хабарлайды. Сондай-ақ көрсетілген мерзім өткеннен кейін аккаунт, хат алмасулар, файлдар мен контактілер қайтарымсыз жойылатыны туралы ескертеді.

Іс жүзінде, бұл схема психологиялық қысым жасауға негізделген: алаяқтар пайдаланушының аккаунтқа қолжетімділікті жоғалтып алу қорқынышын пайдаланып, оны асығыс әрекет жасауға итермелейді.

Батырманы басқаннан кейін пайдаланушы Telegram-ботқа немесе жалған парақшаға бағытталады. Ол жерде SMS арқылы немесе мессенджерден келген растау кодын енгізу сұралады.

Іс жүзінде аккаунтты жоюды болдырмайтын ешқандай рәсім жоқ. Кодты енгізу арқылы пайдаланушы алаяқтарға өз аккаунтына қолжетімділікті өз қолымен береді.

Аккаунтты бақылауға алғаннан кейін алаяқтар хат-хабарларды оқуға, жеке деректерге қолжетімділік, аккаунт иесінің атынан хабарламалар жіберуге, контакттардан ақша аударуды сұрауға, аккаунтты басқа алаяқтық шабуылдар үшін пайдалануға мүмкіндік алады.

Алаяқтық хабарламаның негізгі белгілері:

  • жіберуші өзін қолдау қызметінің өкілі ретінде таныстырады, бірақ ресми расталған мәртебесі жоқ;
  • хабарламада шұғыл түрде сілтеме арқылы өтуді немесе ботты пайдалануды талап етеді;
  • пайдаланушыдан SMS немесе Telegram арқылы келген растау кодын енгізуді сұрайды;
  • аккаунтты жоғалту қаупі мен асығыстық сезімін қалыптастырады;
  • хабарлама жіберушінің аккаунты жақында құрылған, атауын өзгерткен немесе күмәнді белгілері бар;
  • мәтінде оғаш тұжырымдар, қателер немесе күмәнді сілтемелер кездеседі.

Аккаунтты қорғау үшін келесі іс-шаралар ұсынылады:

  • растау кодтары мен құпиясөздерді ешкімге хабарламаңыз;
  • күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеңіз;
  • Telegram деректерін бөгде парақшаларда немесе боттарда енгізбеңіз;
  • қосымшаның баптауларында екі кезеңді аутентификацияны қосыңыз;
  • "Құрылғылар" бөліміндегі белсенді сеанстарды тұрақты түрде тексеріңіз;
  • белгісіз немесе күмәнді қосылымдарды аяқтаңыз;
  • ақпаратты тек Telegram-ның ресми арналарынан және баптауларынан алыңыз.

Алаяқтар қорқыныш пен асығыстыққа сенім артады. Сабыр сақтаңыз: ақпаратты тексеруге кеткен бірнеше минут аккаунтыңызды, жеке деректеріңізді және жақындарыңызды ықтимал зияннан қорғауға көмектеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу