Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев бұл шараға Telegram арнасының негізін қалаушы Павел Дуров келетінін мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрдің Instagram желісіндегі парақшасында хабарлауынша, 2025 жылғы 2 қазанда Астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ресми түрде ашылады. Павел Дуров шараның пленарлық отырысына қатысады.
Аталған жаңалықты Қазақстанның БАӘ-дегі елшісі Рауан Жұмебек те хабарлады.
"Telegram негізін қалаушы @durov-пен кездесіп, Digital Bridge аясындағы оның қатысуы алдында пікір алмасқаныма қуаныштымын. Оның идеялары инновациялар мен цифрлық трансформация туралы жаһандық диалогқа құнды үлес қосатынына сенімдімін", – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Салтанатты рәсім аясында жетекші әлемдік сарапшылар мен технология саласының көшбасшыларының қатысуымен пленарлық отырыс өтеді.
Олар:
- Омар Сұлтан Әл-Олама – БАӘ Жасанды интеллект, цифрлық экономика және қашықтан жұмыс істеу істері жөніндегі мемлекеттік министрі;
- Кай-Фу Ли – Sinovation Ventures негізін қалаушы және бас директоры;
- Павел Дуров – Telegram мессенджерінің негізін қалаушы әрі бас директоры;
- Илья Стребулаев – Стэнфорд университетінің профессоры;
- Питер Норвиг – Стэнфорд университетінің ғылыми қызметкері, Google компаниясының зерттеу жөніндегі директоры;
Отырыстың модераторы – Solana Foundation президенті Лили Лю.