Темекі өнімдерін таңбалау: дүкендерге қымбат жабдықты сатып алудың керегі жоқ

876

Алкоголь және темекі өнімдерін таңбалау халықты контрафакт тауарлардан қорғауға, заңсыз трафикті көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді.  

Темекі өнімдерін таңбалау: дүкендерге қымбат жабдықты сатып алудың керегі жоқ

Темекі өнімдерін таңбалау үшін кәсіпкерлерге, үйдің жанындағы дүкендерге қымбат жабдықты сатып алудың керегі жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz Қаржы министрлігіне сілтеме жасап.

2020 жылғы 1 қазаннан фильтрлі темекіге, ал биыл 1 сәуірден темекі өнімдерінің басқа түрлеріне міндетті таңбалау енгізілген.

Ведомство мәліметінше, Қазақстанда өндірілген немесе әкелінетін барлық темекі цифрлық маркалармен таңбалануы керек. Салық заңнамасына сәйкес өндірушілердің шығыны амортизациялық төлемдер арқылы салықтан шегеру мүмкіндігі қарастырылған.

"Темекі өнімдерін сататын бөлшек саудагерлерге, үйдің жанындағы дүкендерге қымбат жабдықты сатып алудың керегі жоқ. Олар темекі өнімдерін таңбалау үшін 2D сканерге балама болып саналатын Naqty Sauda (Android және IOS) мобильді қосымшасын жүктесе жеткілікті. Қосымшаны пайдалану тегін", - деп жазылған хабарламада.

Сатушы аталған тауардың үлкен көлемін сататын болса, 2D сканерін сатып алуы шарт. Оның бағасы – 25 мың теңге.

"Кәсіпкерлер үшін қосымша шығындар болмайды. Тауардың басқа түрлерін (сүт өнімдері, қант қосылған сусындар және тағы басқа) таңбалауды салалық министрліктер жүргізеді. Қаржы министрлігі оларға бақылау жүргізбейді, әрі әкімшілік шара қолданбайды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің 2021 жылғы 23 сәуірдегі шешіміне сәйкес тауарларға міндетті таңбалауды әрбір ел ұлттық заңнамасына сәйкес дербес түрде енгізеді.

Қазақстан үкіметінің қаулысына сәйкес тауарларды таңбалаудың бірыңғай операторы – "Қазақтелеком" АҚ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу