"Темекімен күйдіріп, суға батырған": Алматыда 2 әйел қызғаныштан 16 жастағы қызға зорлық көрсеткен

695

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында 16 жастағы жасөспірім 2 әйелден азап көрді.

"Темекімен күйдіріп, суға батырған": Алматыда 2 әйел қызғаныштан 16 жастағы қызға зорлық көрсеткен Фото: Бейнежазбадан

Осылай деп дабыл қаққан жасөспірімнің анасы жаға ұстатарлық оқиғаны Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берген, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жасөспірім Шелек ауылында нағашы атасы мен апасының қолында өскен. Жиен қыз мектеп бітірген соң анасына оралмақ болып жүреді. Алайда 16 тамызда төбеден жай түсірген оқиға болады.

"Қызыма әлеуметтік желіден бір ер адам жазады. Танымайды да, ешбір артық әңгіме айтылмаған. Іле-шала ватсап желісіне бір әйел жазып, қызыма қоқан-лоқы көрсетеді. Айтуынша, менің қызым оның жігітін тартып алыпты. Бірақ қызым ол ер адамды блоктап тастағанын айтып, дәлелін де көрсеткен", – дейді қыздың анасы Индира.

Бұл 15 тамызда болған оқиға. Ал 16 тамызда жігітін даулаған әйел жасөспірімнің үйіне келіп, бетпе-бет сөйлесуді ұсынған. 2 әйел алдап қызды көлікке мінгізіп алып, ауылдан жыраққа кетеді. Әйелдердің бірі – 30, екіншісі – 29 жаста.

"Қызымды ұрған, намысына тиетін сөздер айтқан. Онымен қоймай қолына темекі күйдіріп басқан. Сол екі әйелдің өздері барлық әрекетін бейнекамераға түсіріп отырған. Содан Шелек ауылынан Масақ ауылына қарай апарады. Ауылдың өзі емес, шамамен 15 минуттық жердегі өзенге апарып, шешіндіріп, ұрып-соғып, мұздай суық өзенге отырғызып қояды. Сол жерде бірнеше рет суға тұншықтырады", – дейді анасы.

Өзенге апара жатып, жол-жөнекей дүкенге соғып щетка алады. Ондағы ойлары адам шошырлық.

Күдіктілер күйеуге тиемін деген жігітімнен айырдың деп, 3 млн теңге несиесін 16 жастағы қызға төлетпек те болған.

Жасөспірім нағашы апасының телефонынан анасына хабарласып, өзін ұрып кеткенін айтады. Шын мәнінде оқиғаның қалай болғанын жасырып қалады.

Қызынан бүге-шігесіне дейін естіген ана таңғы сағат 6-да тұрып, Шелектегі Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөліміне барып арыз жазады.

Қазіргі уақытта 2 әйел де қамауға алынды.

"Қылмыстық іс қозғалды. 2 күдікті әйел құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп жатыр. Кінәлілер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілікке тартылады", – дейді Алматы облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу