Теміртау қысқа дайын емес

450

Қарағанды облысында энергетикалық бақылау департаменті екі жылу орталығы қыс мезгіліне дайын емес деген ұйғарым шығарды.

Теміртау қысқа дайын емес Фото: Inbusiness.kz

Қарағанды облысында Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің департаменті өңірде екі жылу орталығына қыс мезгіліне дайын деген рұқсатты бермеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Бұл екі жылу орталығы да Теміртау қаласында орналасқан. Былтыр қыста жылу маусымының тең жартысында Теміртаулықтар пәтерлерінде жылуға жете алмай зар қағып отырған. Қаланы жылумен қамтамасыз ететін мекеме биыл да дайын болмай шықты. Теміртаудың басым бөлігіне жылу беретін 2-ші жылу энерго орталығы қазандықтарға жөндеу жұмыстарын 1 қазанға дейін аяқтауы керек еді. Алайда жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.

“Күрделі жөндеу жұмыстары созылып кетті. Бұл жұмыстар шамамен 10-шы желтоқсанда аяқталуы керек. Осыған орай кестеге сай жұмыс жасау елу күнге кешігеді.  Бесінші қазандыққа жасалып жатқан жөндеу жұмыстары да созылып кеткен”, - деп мәлімдеді Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау департаментінің бастығы Ернар Хасенов.

Мамандар  екі жылу энерго орталығына қысқа дайын емес деп қаулы шығарғанымен,  жылу орталығының жұмысы тоқтамайды деп отыр. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы қазандықтарды жөндеуге қомақты қаражат бөлген. Алайда, соған қарамастан жөндеу жұмыстарының аяқталатын түрі жоқ. "АрселорМиттал Теміртау" қаланы жылытуға көмектесетін 7-ші қазандықты салу жұмыстарын  осы жылдың 1 қыркүйегіне аяқтаймыз деп уәде берген. Алайда, созылып кеткен бұл құрылыстың өзі 2024 жылы аяқталуы мүмкін. Қазіргі уақытта "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына жұмысты кешеуілдеткені үшін 1 млн теңге айыппұл салған. Ал облыс билігі Теміртаудағы екінші жылу энерго орталығының жұмысын қадағалауда ұстаймыз деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу