Қарағанды облысы, Теміртау қаласында цифрлық активтерді заңсыз өндіру фактісі бойынша сот үкімі шығарылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу Қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен жүргізілді.
Э.Г. Толовов 2021 жылғы тамыз айынан бастап лицензиясыз криптоферма ұйымдастырған. Ол Ресейден 156 бірлік майнинг жабдығын сатып алып, оны өндірістік базасына орнатқан.
Толовов өндірген цифрлық активтерді криптобиржадағы аккаунтында жинап, кейін "BinancePool" және "Litecoinpool.org" майнинг пулдары арқылы сатқан. Сауда P2P-аударымдар арқылы және USDT-ны теңгеге айырбастау жолымен жүзеге асқан.
Жалпы өндірілген активтердің көлемі 11,2 BTC және 90,2 LTC, бұл шамамен 185 миллион теңгеге тең.
Сот үкімі бойынша оған 1 жылға бас бостандығынан айыру және барлық майнинг жабдығын тәркілеу түріндегі жаза тағайындалды. Сонымен қатар мемлекет кірісіне қылмыстық жолмен алынған 185 миллион теңге қайтарылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.