Теміртаудағы қардың кірлену себебін анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды

1085

Теміртаудағы қардың кірлену себебін анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды

Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен жиналыста Теміртау қаласындағы қардың қарайып, кірленуі мәселесі талқыланды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Осыған дейін аймақ басшысы облыста ауадағы зиянды қалдықтар концентратының нормадан тыс артуын анықтауды тапсырған болатын. 
"17-ші желтоқсанда атмосферада күкіртті сутектің мөлшері артық екені анықталған. Сонымен қатар желтоқсанда азот диоксиді мен күкірт диоксиді бойынша нормадан асу жайттары орын алған, - деп мәлімдеді Қарағанды метеорология орталығы директорының орынбасары Валерий Стратиенко. 
Метеорологтың айтуынша, қалада қара қардың пайда болуының бір себебі жел екпінінің төмендігі болуы мүмкін - желтоқсанда желдің жылдамдығы секундына екі метрден аспаған. Сонымен қатар қар бетіндегі тұнба - кәсіпорыннан шыққан зиянды қалдықтардың, автомобильдерден шыққан газдың және жеке үйлердегі пеш түтінінен қалыптасқан. 
Теміртауда ауаның тазалығын анықтау бойынша сараптама тұрақты түрде "Казгидромедтің" төрт бекетінде жүргізіліп отырады. Билік өкілдерінің тапсырмасы бойынша қалаға тағы бір жылжымалы зертхана бағытталған. 
"АрселорМиттал Теміртау" АҚ атқарушы директоры Вадим Басин компания да ластану көзін анықтауға қызығушылық танытатынын жеткізді: "Кәсіпорынның санитарлық аумағында үш бақылау бекеті бар. Егер зиянды қалдықтар шығу мөлшерінің артуы байқалса, тергеу жұмыстары жүргізіле бастайды. Қалдықтардың шығу мәселесі үнемі бақылауда тұрады. Егер 20 жыл бұрын комбинат жылына 80 мың тонна шаң шығарса, қазіргі таңда 24 мың тонна шағарады". 
Теміртаудағы жағдайды шешу үшін экологтардың, метеорологтардың, прокурорлар мен кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды. 
"Күнделікті режимде жұмыс істей беріңіздер. Келесі аптада жұмыс тобы бұл мәселенің шешімі туралы нақты ұсыныс айтуға тиіс. Бұл ақша санайтындай жағдай емес. Бұл жерде адамдардың денсаулығы туралы ойлау керек!", - деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу