"Тең қоғам" мүгедектігі бар азаматтардың белсенді өмір сүруіне жол ашып келеді – Роза Смағұлова

Қызылордада іске асып жатқан жоба мүгедектігі бар азаматтардың белсенді өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр.

"Тең қоғам" мүгедектігі бар азаматтардың белсенді өмір сүруіне жол ашып келеді – Роза Смағұлова Фото: freepik

Бұл туралы бізге "Тең қоғам" жобасының үйлестірушісі Роза Смағұлова айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Аймақта "Тең қоғам" жобасы үшінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде жоба қатысушыларына психологиялық қолдау көрсетіліп, спорттық және шығармашылық іс-шаралар ұйымдастырылған.  

– "Тең қоғам" жобасы Қазақстанның барлық өңірінде жүзеге асырылып келеді. Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы осы бастама аясындағы жұмысын биыл үшінші жыл қатарынан жалғастырып отыр. Біздің мақсатымыз азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап қана қою емес, олардың қоғамнан шет қалмай, белсенді өмір сүруіне жағдай жасау. Әр адамның өз қабілетін көрсетуге, еңбек етуге, қоғамға пайдасын тигізуге құқығы бар, – дейді Роза Смағұлова.  

Жоба аясында жыл бойы психолог мамандармен жұмыс жүргізіліп, қатысушыларға психологиялық қолдау көрсетілген. Бұдан бөлек, спорттық жарыстар, шығармашылық сабақтар мен арт-кластар ұйымдастырылған. Қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесінде қатысушылар өз еңбектерін көпшілік назарына ұсынған.  

Жоба үйлестірушісінің айтуынша, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды алаңдататын мәселелерді тиісті мекемелерге жеткізу де назардан тыс қалған жоқ.

– Бізге әртүрлі өтінішпен келетін азаматтар бар. Бірінің әлеуметтік мәселесі шешілмесе, енді бірі өз мүмкіндігін жүзеге асырудың жолын іздейді. Сондықтан сала басшыларымен кездесулер ұйымдастырып, көтерілген мәселелерді тікелей жеткізуге тырысамыз. Адамға аяушылықпен қарағаннан гөрі, оның қабілетін бағалап, тең мүмкіндік берген әлдеқайда маңызды. Біздің ұстанымымыз осы, – дейді жоба үйлестірушісі.  

Роза Смағұлованың сөзінше, инклюзивті қоғам қалыптастыруға мемлекеттік мекемелермен қатар, қарапайым азаматтар да атсалысуы керек.  

– Мүгедектігі бар адамдардың қоғамнан оқшауланбай, көппен бірге өмір сүруі бәрімізге байланысты. Тең қоғам құру бір ұйымның мойнындағы шаруа болып қалмауы тиіс. Әр азамат өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінгенде ғана еңбегіміздің нәтижесі көрінеді, – деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу