Теңгелік депозиттер бойынша ең жоғары кірістілік 13,9%-ға дейін жетті

Рубльдегі салымдар 12,6%-дық кіріс әкелді, бұл теңгедегі жинақ депозитінің кірістілігінен 1,1 есе аз. 

Теңгелік депозиттер бойынша ең жоғары кірістілік 13,9%-ға дейін жетті Фото: FinGramota.kz

Ұлттық Банк Қазақстанда инвестициялау үшін қолданысқа көптеп енген қаржы құралдарының 2022 жылғы номиналды кірістілігін талдады, деп хабаралайды inbusiness.kz.

Қаржы құралдары әртүрлі валютада (теңгеде, АҚШ долларында және еуро мен Ресей рублінде), алтында және қолма-қол валютада (АҚШ долларында, еурода, Ресей рублі мен теңгеде) сақталған банк депозиттері түрінде салыстырылды. Қазақстандық компаниялардың акциялар нарығы да баламалы түрде қарастырылды.

Талдау аясында салымшы 2022 жылдың басында жыл басындағы ағымдағы бағам/баға белгілеу бойынша, одан кейін жыл соңындағы бағам/баға белгілеу бойынша теңгеге айырбастау арқылы қазақстандық нарықтағы әртүрлі құралдарға 10 000 теңге көлемінде қаражат салды деп болжанды.

Салыстыру үшін ай сайынғы капиталдандырумен 12 айлық тарту мерзімі бар жинақ депозиттер қаралды. Теңгелік депозиттер бойынша ең жоғары кірістілік 2022 жылғы желтоқсанда 13,9%-ға дейін жетті (1 жылдан басталатын мерзімі бар жинақ депозиттер бойынша), шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 1% болды.

Талданатын кезеңнің басында және соңында теңгенің АҚШ долларына, еуроға, Ресей рубліне қатысты айырбастау бағамы мен 1 грамм алтынның теңгемен құны 1-кестенің төменгі бөлігінде берілген. Қазақстанның акциялар нарығы кірістілігінің прокси көрсеткіші ретінде КАЅЕ мен AIX индекстері пайдаланылды. Салыстыру үшін S&P 500 индексінің кірісі де қарастырылды.

Сыйақының жоғары мөлшерлемелеріне байланысты теңгелік жинақ депозиті 13,9% көлемінде мол табыс әкелді (бұл ретте 2022 жылғы 23 ақпанда тіркелген депозит сақталған кездегі 10%-дық мемлекеттік сыйлықақыны ескеріп, жинақ салымының кірістілігі 24,1%-ды құрауы мүмкін еді).

Ауқымды кіріс пен теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамы өзгеруін ескере отырып, ақшаны долларлық салымдарға орналастыру 7,9%-дық кіріс әкелді. Бұл деректер бағамдық өзгерістерге байланысты – 2022 жылы теңге АҚШ долларына қатысты 431,67-ден 460,98-ге дейін әлсіреді.

Рубльдегі салымдар 12,6%-дық кіріс берді. Бұл теңгедегі жинақ депозитінің кірістілігінен 1,1 есе аз. 2022 жылы импорттың айтарлықтай қысқаруымен қоса, РФ-да енгізілген капитал қозғалысын бақылау шаралары, энергия ресурстарын қоса алғанда, негізгі экспорттық тауарлардың жоғары бағасы аясында, рубльдің АҚШ долларына қатысты бағамы едәуір нығаюына байланысты теңге Ресей рубліне қатысты 5,77-ден 6,43-ге дейін әлсіреді.

Номиналды кірістілік деңгейі бойынша қолма-қол Ресей рубліндегі және АҚШ долларындағы жинақтар тұр, олардың кірістілігі, тиісінше, бағамдық өзгерістер есебінен 11,4% және 7,1% болар еді.

Алтынға салынған инвестицияның әлеуетті қайтарымы 7,2% болды. Бағалы металдың бағасы нарықтағы құбылмалылыққа әсер еткен геосаяси және экономикалық оқиғаларға байланысты тұрақты активтерге жоғары нарықтық сұраныс жағдайында 2022 жылы 1 грамм үшін 24 970,91 теңгеден 26 757,56 теңгеге дейін өсті.

ҚР ЕДБ ең жоғары мөлшерлемені және бағамдық өзгерісті ескере отырып, депозитте салымдарды еуромен сақтау 2,1% деңгейінде, теңгенің еуроға қатысты 487,79-дан 492,86-ға дейін әлсіреуі салдарынан қолма-қол еуромен сақтау 1,0% кіріс әкелді.

Қазақстандық компаниялардың акцияларына салынған салымдар тауар-шикізат нарығының (мұнай мен уран) баяу өсімі аясында 2022 жылы KASE биржасында (-)11,5% және AIX биржасында (-)15,0% деңгейінде теріс кірісті көрсетті.

Жалпы, 2022 жыл ішінде әлемдік акциялар нарығындағы коррекциядан инвесторлардың тәуекел дәрежесі төмендегені байқалды. S&P 500 индексіне салынған салым 11,0% мөлшерінде шығын әкелді (валюталық баламасында бір жыл ішінде 19,4%-ға төмендеді).

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу