Теңіз кен орны толық қуатта бір апта ішінде іске қосылады. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжілісте өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Королевское кен орнын іске қостық. Теңіз толық қуатта бір апта ішінде немесе одан да ерте іске қосылады", – деді ведомство басшысы.
Министрдің сөзінше, жалпы алғанда Теңіз кен орнының толық тоқтатылуы барлық серіктес компаниялар үшін күніне 40 млн долларға бағаланады.
"Теңізді толық іске қосқаннан кейін қандай залал келгенін айтамыз. Күні кеше Chevron корпорациясы мен "Теңізшевройл" басшылығымен келіссөз жүргіздім. Олар өндірілмеген 840 мың тонна мұнайдың орнын толтырамыз деп отыр. Жылдық мәнде шығындар болмайды деп сендірді", – деп түсіндірді Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.
Айта кету керек, бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Мәжілісте өткен брифингте бензин бағасына қатысты пікір білдіргенін жазғанбыз. Ол бензиннің күрт көтерілуіне жол бермейміз деп отыр. Авиаотын бағасы қаншадан екені белгілі болды.