Қасым-Жомарт Тоқаев пен Димаш Құдайберген әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның қатарына енді

807

Иорданияда "Әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылман" кітабының 2027 жылға арналған жаңа басылымы жарияланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Димаш Құдайберген әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның қатарына енді Фото: akorda.kz//themuslim500.com

Жаңа жинақта Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайбергеннің есімдері аталады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Кітапта саясат, дін, ғылым, мәдениет, спорт және өзге де салаларда ықпалы зор 500 мұсылман тұлға туралы мәлімет берілген. Биылғы тізімге Қазақстаннан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайберген еніп отыр. 

Қасым-Жомарт Тоқаев туралы не жазылған?

Кітаптың 161-бетінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа жеке тоқталған. Оның саясаттағы ықпалды тұлғалардың бірі екені көрсетілген. Басылымда Тоқаевтың 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін Қазақстанның екінші президенті болғаны жазылған.

Сондай-ақ 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін елде жүргізілген саяси өзгерістерге де назар аударылған.

Авторлар президенттің "Жаңа Қазақстан" бастамасын, 2022 жылғы конституциялық реформаны және сол жылы өткен кезектен тыс президент сайлауын ерекше атап өткен.

"2022 жылдың басында елде болған жаппай наразылықтар реформалар жүргізу қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Бұған жауап ретінде Тоқаев "Жаңа Қазақстан" бағдарламасын ұсынды. Сол жылдың маусымында өткен референдумда сайлаушылардың шамамен 77%-ы Конституцияға енгізілетін ауқымды өзгерістерді қолдады", – делінген кітапта.

Бұдан бөлек, авторлар 2022 жылғы қарашада өткен президент сайлауына да тоқталып, онда Тоқаев 81,31% дауыс жинап, 7 жылдық бір мерзімге сайланған да атап өткен.

Әнші Диман несімен таңқалдырды?

Әнші Димаш Құдайберген туралы кітаптың 213-бетінде өнер және мәдениет саласындағы ықпалды тұлғалар бірі екендігі жазылған. Авторлар қазақстандық әншіні әлемге танылған орындаушы, ән авторы әрі бірнеше музыкалық аспапта ойнайтын өнерпаз ретінде сипаттаған. Өнер иесінің алты октаваға жететін ерекше дауыс мүмкіндігіне назар аударылған.

"Димаш Құдайберген – сирек кездесетін алты октавалық дауыс диапазонымен танылған әлемге әйгілі қазақстандық әнші, композитор және бірнеше аспапта ойнайтын музыкант. Шығыс Азияда қысқа уақыт ішінде кеңінен танылған ол Қытай, Ресей және Қазақстанда беделді музыкалық марапаттарға ие болды", – делінген басылымда.

Сонымен қатар кітапта Димаштың YouTube арнасындағы бейнежазбалары жарты миллиардтан астам қаралым жинағаны айтылған. Туған қаласы Ақтөбеде әншіге арналған музей бар екені айтылған. Авторлар Димаштың өнердегі жетістіктерімен қатар қайырымдылық қызметіне де тоқталып өткен. Оның көші-қон мәселелері бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының ізгі ниет елшісі екені айтылған.

Айта кетейік, The Muslim 500 – әлемдегі ықпалды мұсылман тұлғалар туралы жыл сайын жарық көретін халықаралық басылым. Алғашқы саны 2009 жылы шыққан. Биыл оның 18-басылымы жарияланды.

Кітапты Иордания астанасы Аммандағы Корольдік исламдық стратегиялық зерттеулер орталығы (The Royal Islamic Strategic Studies Centre) шығарады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу