TikTok-та қоғамдық тәртіпті бұзған Шымкент тұрғыны қамауға алынды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында TikTok желісіндегі тікелей эфирды анықтады. Эфир барысында Шымкент қаласының 21 жастағы тұрғыны Нұрахмет Бердібай көрерменнің қаралы күнге қатысты сұрағына жауап бере отырып, қоғамға құрметсіздік танытатын сипаттағы сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Ол тікелей эфир кезінде "Қаралы күн? Біз үшін өліп пе?" деген сөздер айтқан.
Онымен бірге тікелей эфирге 22 жастағы Абзал Мусурманқұл және Бақдәулет Мұстафа қатысқан.
Сот шешімімен Нұрахмет Бердібай 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар үш азаматқа да қоғамға жат мінез-құлыққа жол бермеу туралы ресми ескерту беріліп, үшеуі де ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне бір ай мерзімге қойылды.