TikTok Қазақстанда 5,5 млн видеоны жойды: қауіпсіздік күшейтілді

165

TikTok платформасы Қазақстандағы пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр.   

TikTok Қазақстанда 5,5 млн видеоны жойды: қауіпсіздік күшейтілді Фото: РИА Новости

Компания шығармашылыққа қолайлы орта қалыптастыру үшін заманауи технологияларды енгізіп, модерация жүйесін күшейтіп, қауіпсіздік құралдарын тұрақты түрде жаңартып келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Осы мақсатта платформа қазақ тілінде жаңа Сенім және қауіпсіздік орталығын іске қосты. Бұл орталық Қауымдастық ережелері, Ашықтық орталығы және басқа да ақпараттық ресурстарды бір жерге біріктіріп, қолданушыларға қажетті мәліметті жылдам табуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ашықтық орталығы арқылы платформадағы контентті бақылау мен жою туралы тоқсан сайынғы есептер ашық түрде жарияланып отырады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша TikTok Қазақстанда Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін 5,5 миллионнан астам бейнероликті жойған. Олардың 99,9 пайызы пайдаланушылардан шағым түспей тұрып анықталып, алдын ала өшірілген. Сондай-ақ контенттің 98,5 пайызы жарияланғаннан кейін алғашқы 24 сағат ішінде жойылған.

Жаһандық деңгейде де көрсеткіштер жоғары. 2025 жылы әлем бойынша 780 миллионнан астам бейнеролик жойылып, олардың 99,1 пайызы алдын ала анықталған. Ал 94,2 пайызы алғашқы тәулікте өшірілген.

Платформа жас пайдаланушылардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударады. TikTok тек 13 жастан асқан қолданушыларға арналған. Осы талапты сақтау мақсатында 2025 жылы әлем бойынша 13 жасқа толмағандарға тиесілі шамамен 93,5 миллион аккаунт жойылған.

Сонымен қатар, тікелей эфирлердегі қауіпсіздік шаралары да күшейтілген. 2025 жылы Қауымдастық ережелерін бұзғаны үшін әлем бойынша шамамен 131 миллион тікелей эфир тоқтатылды. Платформа авторларға алдымен ескерту жасап, қажет болған жағдайда монетизация мүмкіндіктерін шектейді. Жылдың алғашқы үш тоқсанында ғана 24 миллион эфир мен 12,5 миллион авторға қатысты түрлі шаралар қолданылған.

Жалпы, TikTok пайдаланушылар үшін қауіпсіз әрі сенімді цифрлық орта қалыптастыруды негізгі басымдық ретінде қарастырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу