Платформа ЖИ сауаттылығын арттыруды, жасанды интеллект көмегімен жасалған контенттің ашықтығын қамтамасыз етуді және ЖИ арқылы жаппай таратылатын спаммен күресті күшейтуді көздейді.
Компания өкілдерінің айтуынша, жасанды интеллект контент жасау, білім алу және адамдардың интернеттегі қарым-қатынасына айтарлықтай өзгеріс енгізіп жатыр. Осыған байланысты TikTok қолданушыларға ЖИ мүмкіндіктерін дұрыс түсініп, оны қауіпсіз пайдалануға көмектесетін арнайы құралдар мен білім беру жобаларына инвестиция салуды жалғастырады.
"TikTok қолданушылары жасанды интеллект арқылы жасалған контентті көрген кезде оның контекстін түсініп, ақпараттың қаншалықты сенімді екенін бағалай алуы керек. Сол себепті біз ЖИ контентін тануға, генеративті модельдердің қалай жұмыс істейтінін түсінуге және олардың мүмкіндіктерін қауіпсіз пайдалануға көмектесетін технологиялар мен білім беру жобаларын дамытып жатырмыз", – деді TikTok жаһандық командасының ЖИ бағытының жетекшісі Том Варгезе.
ЖИ сауаттылығын арттыру
TikTok NAMLE медиа сауаттылық ұйымымен және ЖИ сарапшысы Генри Айдермен бірлесіп, жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен пайдалануға арналған арнайы нұсқаулық әзірледі.
Сонымен қатар платформада жаңа білім беру хабы іске қосылды. Онда қолданушылар ЖИ көмегімен жасалған материалдарды ажыратуға арналған практикалық кеңестермен таныса алады.
Технологиялық контент авторы Геннадий Захаров пен саяхат блогері Асет Мурзабаев та қолданушыларға ЖИ арқылы жасалған контентті тану және оны платформаға жүктеген кезде тиісті белгі қоюдың маңызы туралы түсіндіреді.
TikTok бұл бағытта тәуелсіз сарапшылармен және NoFiltr, Raspberry Pi Foundation сияқты ұйымдармен де жұмыс істеп келеді.
Компанияның мәліметінше, 2025 жылдың қарашасында басталған бағдарлама аясындағы білім беру контенті 200 миллионнан астам қаралым жинаған. Жобаға осы уақытқа дейін 4 миллион доллардан астам қаржы бөлінген.
ЖИ спамымен күрес күшейеді
Жасанды интеллект шығармашылыққа жаңа мүмкіндік бергенімен, оның көмегімен сапасыз әрі жаппай контент өндіру қаупі де бар. TikTok мұндай материалдардың таралуына жол бермеу үшін ЖИ спамын көптеп жариялайтын аккаунттарды анықтайтын жаңа жүйелерді сынап жатыр.
Платформа мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы үш айында әлем бойынша 86 миллионнан астам жалған аккаунт жойылған.
TikTok мұндай шаралар түпнұсқа контент жасайтын авторларды қорғауға және қолданушылардың платформаға деген сенімін сақтауға мүмкіндік береді деп есептейді.
Үш миллиардтан астам видеоға ЖИ белгісі қойылған
Платформада жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе елеулі түрде өзгертілген контентті белгілеуге арналған бірнеше технология қолданылады.
TikTok мәліметінше, қазірдің өзінде 3 миллиардтан астам видео ЖИ көмегімен жасалған контент ретінде белгіленген.
Компания екі жыл бұрын C2PA әзірлеген Content Credentials жүйесін енгізген алғашқы бейнеплатформа болған. Бұл технология контенттің жасанды интеллект арқылы жасалғанын немесе айтарлықтай өзгертілгенін анықтауға мүмкіндік береді.
Енді TikTok C2PA басқарушы комитетінің құрамына кірді. Компания коалиция мүшелерімен бірге цифрлық кеңістіктегі ЖИ контентінің шығу тегін анықтауға және оның ашықтығын арттыруға бағытталған технологияларды дамытуға қатысады.
Бұдан бөлек, TikTok Smart Split және AI Outline секілді ЖИ құралдарын жетілдіріп жатыр. Платформа қолданушыларға ұсыныстар лентасында жасанды интеллект көмегімен жасалған контенттің көлемін өз қалауынша реттеуге мүмкіндік беретін "Тақырыптарды басқару" функциясын да сынақтан өткізіп жатыр.