Тимур Құлыбаев құрылысшылар қауымдастығын құруды ұсынды

631

Тимур Құлыбаев құрылысшылар қауымдастығын құруды ұсынды

"Атамекен" ҚР ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев БҚО өңірлік кеңесімен өткен кездесуде бизнес пен өзін-өзі басқарудың жауапкершілігін арттыру, импортты алмастыру және міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне бизнестің төлемдеріне назар аударды, деп хабарлайды atameken.kz.

Бұл мәселелер ҚР президенті жуырда қол қойған кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру бойынша заңға қатысты.

"Атамекен" басшысының айтуынша, мемлекеттік органдар тарапынан  болатын бақылауды шектеу кәсіпкерлер қызметін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтады. Бұл ретте кәсіпкерлердің тұтынушылар алдындағы жауапкершілігі деңгейін арттыру маңызды.

"Мемлекеттік бақылаудың қысқаруы тұтынушыларға әсер етпеуі керек. Бақылауды қысқарта отырып, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру маңызды, өзін-өзі басқару институттары да іске қосылуы қажет. "Атамекен" адал кәсіпкерлердің ғана мүддесін қорғайды. Ал азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды бизнесмендер әрқашан қаперде ұстауы керек. Бизнес өз жауапкершілігін арттыратын кез жетті", – деді Тимур Құлыбаев.

Заң жобасындағы жаңашылдықтар жайында "Атамекен" ҚР ҰКП басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов айтып берді. Оның айтуынша негізгі жаңашылдықтың бірі – алдын ала бақылауды енгізу болып табылады. Бұл шара арқылы бұзушылық орын алған жағдайда кәсіпкер әкімшілік жазаға ілікпей, олқылықты реттеу бойынша ескертпе алады.

"Мұндай шара әсіресе жеке заңгері мен заңнаманың барлық тетіктерін білуге мүмкіндігі жоқ шағын бизнес үшін маңызды. Екіншісі – барлық қадағалау-бақылау функциялардың үштен бірін қысқарту. Заң жер учаскелерін бөлу бойынша аукциондарды міндетті өткізуге қатысты талап қояды, себебі бұрындары кәсіпкерлерде осыған қатысты көптеген мәселе туындаған. Сонымен қатар заңда Дүниежүзілік банктің "DOING BUSINESS" рейтингіндегі Қазақстанның көрсеткішін жақсартуға, кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейтуге қатысты шаралар қарастырылған", – деп хабарлады Абылай Мырзахметов.

Тимур Құлыбаев құрылыс материалдарының өндірісін жергілікті жерде дамытуда әр өңірдің мүмкіндігін анықтау үшін құрылыс саласына сараптама жүргізуді ұсынды. Бұл үшін өңірлерде салалық қауымдастықтар құрған абзал.

"СКФ "Отделстрой" ЖШС директоры Валентина Михно төралқа төрағасының құрылысшылар қауымдастығын құру туралы ұсынысын қолдап, қауымдастықтың импортты алмастырудағы келешегі айтарлықтай жақсы әрі бизнес отандық өнімді пайдалануға дайын екенін айтты.

Тимур Құлыбаев бизнестің міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аударымы бойынша ұлттық палатаның ұстанымын білдірді. Кәсіпкерлердің пікірінше қосымша төлем қаржылық ауыртпалық ретінде кәсіпорындарға түседі, жалпы мемлекеттегі салық саясатының тиімділігін төмендетеді.

"Бұл мәселеге қатысты біздің ұсынысымыз: әлеуметтік шығынды қолдау үшін кәсіпкерлерден ақша жинаудың жаңа түрін ойлап таппайықшы. Сөзсіз, ол маңызды, бірақ алдымен барлық саладағы шығынды оңтайландыру керек. Өкініштісі, дәрі-дәрмек сатып алуда қайшылықтар бар екенін көріп отырмыз, біреуге тым қымбат дәрі сатып алған тиімді. Алдымен осы мәселені шешіп алайық. Сақтандыру – дұрыс тәсіл, бірақ бұл мәселедегі механизм мен шығын жүйелі әрі ойластырылған болуы тиіс. Осыған орай денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жұмыс істеудеміз", ­– деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу