Ол Талғарда кісі қолынан қаза тапқан Шерзат Полаттың ағасы марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың 2 әскери қызметкерді құтқарғанын айтып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
2024 жылдың 4 қазанына қараған түні 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат қайтыс болса, 9 желтоқсанда оның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі табылған еді. Журналист Б.Дәулетбекқызы осы оқиға жанына қатты батқанын жазған.
– Мені қатты күңіренткен Нұрқанаттың өлімі болды. Осы азамат қайтыс болғанда қатты жыладым. Жаным ауырды. Өзі кеш үйленіп, енді өмірдің қызығын көремін дегенінде дүниеден өтіп кетті. Бүгін осы Нұрқанат туралы сторисіме салған едім. Бұл жігіттің әріптестері тек жақсы пікірін жазып жатыр. "Өте аңқылдақ, тек күліп жүретін жайдарлы" жан деп жатыр. Үнемі елге елпілдеп көмек көрсетіп жүреді екен. "Қалжыңқой, ешқашан ешкімге ренжігенін көрген емеспіз" деді. Оқырмандарымның хаттарын оқып, тіпті мұңайып кеттім, – деп есіне алады журналист.
Ол көзі тірісінде медицина қызметкері болып жұмыс істеген. Тіпті, оның ұшақ апатындағы ерлігін көпшілік біле бермеуі де мүмкін.
– Естеріңізде ме, Алматы қаласының маңында 2021 жылы әскери ұшақ құлап, 4 адам қаза тауып, 2 әскери кісі аман қалған еді. Сол аман қалған екеуіне себепші болған осы фельдшер Нұрқанат Ғайыпбаев екенін бірі білсе, мыңы білмейді. Осы оқиға туралы күндіз Instagram платформасындағы сторисімде бөліскенімде, сол ұшақта қайтыс болған майордың жары марқұм Нұрқанаттың ерлігін жазды. Мені оқып отырған құзырлы орындар болса, аса мән береді деп ойлаймын. Тірісінде ала алмай кеткен марапатын Құдай үшін қазір беріңіздер! Марқұмның әруағы тынышталсын! – деп сөзін қорытындылады қоғам белсендісі.