Бұл туралы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Қазақстанда амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде пациенттерге тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізбесін кеңейту жоспарлануда. Оған 14 ауруды емдеуге арналған 22 препарат кіреді.
Сондай-ақ, қазіргі клиникалық ұсыныстарды ескере отырып, қолданыстағы тізбе қайта қаралуда. Бұл ретте тізбеден төмен сұранысқа ие және тиімділігі төмен 26 ауру бойынша 52 дәрілік препарат алынып тасталған.
Денсаулық сақтау министрі тізімді жаңарту заманауи терапияның қолжетімділігін арттыруға және пациенттерді тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген қажетті препараттармен қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
– 21 жасқа дейінгі қант диабетімен ауыратын науқастарды, сондай-ақ жүкті әйелдерді инсулин помпаларымен және қажетті керек-жарақтармен қамтамасыз ету аясы кеңейтілді. Бұл өзгерістер пациенттер үшін қажетті емнің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ақмарал Әлназарова.
2025 жылдан бері "Әлеуметтік әмиян" жүйесі арқылы электрондық рецепт бойынша дәрілік заттармен қамтамасыз ету үлесі 82%-ға жетті. Бұл дәрі-дәрмектерді пациенттерге тікелей жіберу процесінің ашықтығын арттырады.
Сонымен қатар, сатып алу рәсімдерінің тиімділігі артуда. Пациенттерді қажетті дәрі-дәрмектермен уақтылы қамтамасыз ету үшін 2027 жылға арналған сатып алу науқаны өткен жылмен салыстырғанда үш ай бұрын басталды. Қыркүйек айында препараттардың қажетті көлемінің 84%-ы сатып алынды. Дәрі-дәрмек тапшылығының пайда болу қаупін төмендету мақсатында төмендетілмейтін қордың көлемі 35%-ға ұлғайды.
Осы жылдың соңына дейін Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында қажеттіліктің 95-100%-ы көлемінде 2027 жылға арналған медициналық препараттардың қажетті қоры қалыптастырылатын болады.
Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің қажеттіліктеріне басымдық бере отырып, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруді жалғастырады.