ТМД елдері радиациялық жағдай туралы деректермен өзара алмасады

185

Халықаралық қоғамдастықта осыған ұқсас әдістер қолданылады.

ТМД елдері радиациялық жағдай туралы деректермен өзара алмасады Фото: canva.com

Мәжіліс 2023 жылғы 8 маусымда Сочиде жасалған ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің радиациялық жағдай мониторингі деректерімен алмасу кезіндегі өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Құжатты Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев таныстырды.

"Атауына сәйкес аталған құжат уәкілетті органдардың радиациялық жай-күйі туралы, оның өзгерістері, сондай-ақ радиоактивті заттарды трансшекаралық тасымалдау қаупі немесе фактілері туындаған кезде ақпараттық ынтымақтастық іс-қимылдарын үйлестіруді көздейді. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта министрлікке қарасты "Қазгидромет" ұлттық қызметі еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан селитебті аумақтарда бета-белсенділікті (43 бақылау пункті) және гамма-сәулеленуді (89 бақылау пункті) өлшеу арқылы радиациялық фон деңгейіне мониторинг жүргізеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша радиоактивті түсінділердің тығыздығы шекті жол берілетін деңгейден аспады", – деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, ТМД елдерінің аумағында радиациялық монторинг деректерімен алмасудың бірыңғай тетігін енгізу – цифрлық заманның өзекті талабы. Халықаралық қоғамдастықта осы саладағы өзара іс-қимылдың ұқсас әдістері қолданылады.

"Мәселен, МАГАТЭ қызметі шеңберінде тәулік бойы USIE платформасы жұмыс істеуде. Еуропалық Одаққа кіретін мемлекеттер арасында нақты уақыт режимінде EURDEP радиобақылау деректерімен алмасу жүйесі де енгізілген. Ұсынылған келісім жобасына сәйкес одақтас мемлекеттерге еліміздің мемлекеттік радиациялық мониторинг жүйесінен алынатын деректер ғана берілетінін атап өткен жөн", – деді министр.

Ерлан Нысанбаев аталған құжатты ратификациялау қажетті ақпаратпен жедел алмасуға, сондай-ақ адам өміріне, оның денсаулығына және қоршаған ортаға төнген қауіпке шұғыл ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік беретінін баса айтты. 

Ынтымақтастық аясында тараптар радиациялық жағдай туралы деректермен алмасу үшін уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастыруға міндеттенеді. Сонымен қатар радиациялық жағдайдың жай-күйі мен ондағы өзгерістер туралы маңызды ақпаратты ұсыну, сондай-ақ радиоактивті заттардың трансшекаралық таралу қаупі немесе фактісі туындаған жағдайда, оның ішінде үшінші мемлекеттердің аумақтарымен байланысты жағдайларда деректер алмасу қарастырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу