Тоқаев: "ЭКСПО аумағындағы жер қаңырап бос жатыр"

333

Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн.  

Тоқаев: "ЭКСПО аумағындағы жер қаңырап бос жатыр" Фото: turkystan.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек. Білікті мамандарды тартып, оңтайлы шешім қабылдауға болады. Мысалы, бізде ЭКСПО аумағы бар. Бір қарағанда, өте әдемі жер. Бірақ қаңырап бос жатыр", - деді ол.

Мемлекет басшысының сөзінше, ЭКСПО аумағындағы жерді жұрт жаппай демалатын орынға айналдыруға болады.

"Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдаған жөн. Нысандарды жобалау және салу кезінде осы тұжырымдамаға сүйену қажеттігі заңды түрде бекітілуге тиіс", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осыған дейін қаланың бірыңғай дизайн-коды әзірленгенін, бұл құжаттың тек қағаз жүзінде қалғанын атап өтті. Ол салынып жатқан кейбір ғимараттардың бір-бірімен мүлде үйлеспейтінін, шаһардың оңтүстік-шығыс ауданында бей-берекет салынған нысандардың көп екендігін де айтты. Бұл "Артем" және "Тұлпар" сауда орталықтарының маңына да қатысты.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы қаланың келбетін бұзып тұрған ала-құла жарнамалардың көптігін сынға алып, олардың талапқа сай болуы керек екенін баса айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу