Тоқаев: Қаңтардағы бұзақылар мен радикалдарды батыр ғып көрсетудің қажеті жоқ

448

Алматыда қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым"  мемориалы ашылды. 

Тоқаев: Қаңтардағы бұзақылар мен радикалдарды батыр ғып көрсетудің қажеті жоқ Фото: akorda.kz

Ескерткіш тақта халық жаппай жиналған Республика алаңы, яғни қалалық әкімдіктің жанында орналасқан. Оны ашуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барды. 

Бір жыл бұрын Алматының қақ төрі тағзым ететін тағы бір ескерткішпен толығатынын ешкім білмеді. Ешкім тілемес қасірет бұл. Енді міне қанды қырғынның эпицентрі болған жерге мемориал салынды. Үш түрлі тас қойылды. Әрқайсының астары мен айтары бар. Мәселен қара түс қаңтардағы дүрбелеңді, сұр бөлігі құрбан болғандардың символы, ал ақ түс тұрақтылық пен дамуды білдіреді

"Бұл мемлекеттік 30 жыл бойы жүріп өткен жолы және әп-сәтте бәрі өзгеріп қаңтар оқиғасы болды. Қап-қара түсініксіз. Міне сол көлденең орналасқан қара стеллада бейнеленді. Тақтайшада жазу жоқ. Бұл өлім мен хаостың бейнесі. Мұның бәрі құрғақ субұрқақтарда, яғни шамамен 20 см жерде жер үстінде судың айнасы болады", деді Архитектор Алексей Ивженко.

Қалған тас тұғырларға әйгілі тұлғалардың өлеңдері мен өсиеттері бедерленген.  

"Бұл енді тасқа қашалып, бәдізделіп жазылған. Бұны енді оқыған ұрпақ ойланатыны сөзсіз. Қаңтардың қасіреті ұмытылмақ емес. Бұл әлі зерттеліп жатыр, әлі құпиясы толық ашылмаған", деді Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.

Дәл осы тағзым мемориалын ашу үшін бүгін Тоқаев арнайы Алматыға ат басын бұрды. Құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. 

Қанды қаңтарда 238 адамның өмірі қиылды. Ғимараттар бүлінді. Әлбетте нысандарды қалыпқа келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды. 

"Жалған ұрандарға сеніп, қылмыскерлердің ықпалына түскен, алайда ауыр қылмыс жасамаған азаматтарға менің жарлығыммен рақымшылық жарияланды", деді Мемлекет басшысы.

Мұндай жағдай енді қайталанбауы үшін қолынан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін айтты Тоқаев. Бастысы тұрақтылық пен татулық болсын. Сонда ғана міндетті ойдағыдай орындай аламыз деді. 

Арай Сүгірбай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу