Америкалық қаржы институттары Трамптың ұлдары кіші-Дональд Трамп пен Эрик Трамптың үлесі бар Қазақстандағы вольфрам өндіру жобасына 1,6 млрд доллар несие бөлуден бас тартуды қарастырып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Bloomberg таратқан дерекке cүйенсек, АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі (EXIM) мен Халықаралық дамуды қаржыландыру корпорациясы (DFC) Қарағандыдағы "Солтүстік Қатпар" мен "Жоғарғы Қайрақты" кен орындарын игеруге күмәнмен қарай бастаған. Басты себеп бастаманың экономикалық өміршеңдігі мен еліміздің Ресей және Қытай арасындағы күрделі геосаяси орналасуы.
Жоба Трамп әкімшілігі тарапынан АҚШ-тың қытай вольфрамына деген тәуелділігін азайту стратегиясының бір бөлігі ретінде қолдау тапқан болатын. Бұл металл зымырандар мен артиллериялық снарядтарды өндіруде кеңінен қолданылады.
EXIM Bank бұл жобаға 900 млн және "АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі" 700 млн доллар бөлуге тиіс еді. Қос ұйым былтыр қызығушылық білдіру хаттарын табыстаған. Мұндай құжаттар несие берушінің бастапқы қызығушылығын растағанымен, ресми міндеттеме жүктемейді.
DFC өкілі қазіргі уақытта корпорацияның бұл келісімді белсенді түрде қарастырып жатпағанын, ал компания қараудың төрт кезеңінің тек біріншісінде тұрғанын хабарлады. EXIM хатының қолданылу мерзімі тамызда аяқталды, "Cove Kaz" оны ұзартуды сұрады.
Ал компанияның ұстанымы бұған қарама-қайшы. Директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаустың айтуынша, америкалық шенеуніктер жобаға қолдау білдіруді әлі де жалғастырып келеді. Қаржыландыруға ресми өтінімді 2027 жылы түпкілікті техникалық-экономикалық негіздеме аяқталғаннан кейін тапсыру жоспарланған.
Айта кетейік, Cove Kaz компаниясы "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясымен бірлесе "Солтүстік Катпар" ЖШС-нің 70 пайыз үлесіне иелік етеді, ал 30 пайызы мемлекетте қалды. Вольфрам қорғаныс өнеркәсібі, авиация, электроника және жартылай өткізгіштер өндірісінде кеңінен қолданылады. Қазіргі уақытта осы металды өндіруде Қытай көш бастап тұр.