Токио губернаторы Юрико Коикэ Астанада өткен декарбонизация мен экологиялық технологиялар жөніндегі Қазақстан-Жапония іс-шарасында сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
Юрико Коикэ елордаға осымен үшінші рет келіп отыр.
"Мен әр келген сайын қаланың көркейіп, жас кәсіпкерлер санының артып келе жатқанын көріп таңғаламын. Сондай-ақ сіздердің араларыңызда бизнес саласындағы алдыңғы қатарлы бағыттардың өкілдері көп. Олардың арасында жасанды интеллект, жаңартылатын энергия көздері және цифрлық трансформацияны қажет ететін салаларда жұмыс істеп жүргендер бар. Жапон тарапынан да осы бағыттарда жұмыс істейтін көптеген венчурлық компаниялар қатысып отыр. Біз адамзат алдында тұрған күрделі міндеттер мен сын-қатерлерді бірлесіп шеше аламыз, сол арқылы ортақ өркендеуге қол жеткіземіз", – деді Токио губернаторы.
Айтуынша, Астана мен Токио арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Негізгі бағыттардың қатарында цифрландыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және жоғары технологияларды дамыту бар. Бұдан бөлек Юрико Коикэ қазақстандық компанияларды Токиода жыл сайын өтетін SusHI Tech халықаралық конференциясына қатысуға шақырды.
"Бұл – Азиядағы ең айтулы іс-шараның бірі. Сол себепті қазақстандық кәсіпорындардың бұл конференцияға қатысқанына қуанышты болар едік. High tech әлеуетін бірге пайдаланып, Астананы тұрақты даму қаласына айналдырайық", – деп атап өтті ол.