Тоқтан көрген қорлық

464

Ақтөбеде жүз шақты түтін тоқтың азабын тартып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Тоқтан көрген қорлық

Электр желілеріндегі кернеудің кесірінен ондаған адамның техникасы жанып кеткен. Келген шығын миллион теңгеден асады. Тұрғындар болса, мәселесін айтып талай мекеменің табалдырығын тоздырыпты.

"Кернеу біресе түседі, біресе көтеріледі. Мысалы, 110-130 кВт дейін төмен түседі, не болмаса, 280-330 кВт-тен асып кетеді. Трансформатордың өзі ескі, желілерде ақау көп. Бастапқыда жекенің қолындағы трансформаторды кейін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі балансына алды деген. Бірақ, мәселе, ана желілерде болып тұр. Әкімдік транформатор стансасын күтіп ұстауға жауап береді де, ал содан шыққан алдыңғы және артқы желілер – қараусыз. Соны да балансына алса деген деп сұраймыз. Әйтпесе, тоқ кернеуі құбылған сайын техникамыз жанып кетіп жатыр. Қазірдің өзінде 50 шақты қондырғы іске алғысыз болып қалды. Шығын 1,5 млн теңгеге жетті. Бұл тек тізімге енгені", - дейді "Ақтөбесельмаш" бау-бақша қауымдастығында тұратын Ерлан Сағитжанов.

Үйіндегі құрал-жабдығы жанып кеткендердің арасында Расима Айтбаева да бар. Жарық мәселесінің шешілмей келе жатқанына 6-7 жылдың жүзі болғанын айтады. Оқтын-оқтын электр жарығы өшіп қалған сайын бала-шағасын ертіп туысты жағалау - бұл жақтағылар үшін үйреншікті жағдай. Өйтпеске амал жоқ. Жарық сөнсе, үйде су да, жылу да болмай қалады.

"Ақтөбесельмаш" - бұрынғы бау-бақша ұжымы орналасқан аумақ. Бірнеше жылдан бері мұнда саяжайдың жерін сатып алғандар баспана тұрғызған. Қазір 100 шақты түтін бар. Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміндегілер, ақау есептегіш қондырғыдан шыққанын айтты. Мәседені шешу үшін бау-бақша ұжымының төрайымы тұрғындармен бірлесе отырып, электр желілерінің қысқа дайындығын пысықтауы керек екен.

"Ұжымның қосалқы трансформаторлық станциясын мамыр айында балансқа алдық. Күтіп ұстау жұмыстарын жүргіземіз. Ұжымның төрайымы трансформатордан таралған желілер мен санағыштарды бізге тапсырған жоқ. Оның міндетіне ақау бар тұсын қалыпқа келтіріп, талдарды кесу кіреді. Сондай талаптарды орындап, сай келетін болса, әуе желілерін біз алуға дайынбыз",- дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бас маманы Айбек Орынбасаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу