Тоқтап тұрған кәсіпорындардың мәселесі қаралды

1314

Тоқтап тұрған кәсіпорындардың мәселесі қаралды

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың ойынша, бүгінде индустрияландыру бағдарламасы аясында толыққанды жұмыс істемей жатқан, я болмаса тоқтап тұрған кәсіпорындардың жағдайын зерделеп шыққанан кейін кейбіреулерін мүлдем жауып тастаған дұрыс болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Бәсекеге қабілетті және экспортқа шыға алатын жобалар ғана мемлекеттік қолдауға ие болуы тиіс. Негізі, анау 72 кәсіпорынның картасын алып, оны жан-жақты зерделеп шыққан жөн. Әрбір жобаны бөлек-бөлек қарап, нақты қандай көмектің керек екенін анықтап алу қажет. Бәлкім, кейбір кәсіпорындарды мүлдем жауып тастаған тиімді болар. Оларға ақша құйып, қайта іске қосамыз дегенше мүлдем жауып тастайық. Ондай жағдайға неге тап болғанын анықтаған жөн", - деп атап көрсетті Сағынтаев. Сондай-ақ Премьер-министр жаңа жобаларды іріктеудің ережелерін қайта қарап шығуды тапсырды. Айта кетейік, үкіметтің кешегі кеңейтілген алқа мәжілісінде мемлекет басшысы бұған дейін елімізде іске қосылған жалпы сомасы 150 млрд. теңгені құрайтын 72 жобаның толық жүктемеде жұмыс істемей тұрғанын сынады. "Бізде әрбір кәсіпорынмен жеке-жеке  жұмыс жүргізіле ме? Әрқайсымен, облыстарда. Неғып тұр олар? Қырымбек, Ақтөбеде салынатын әйнек зауытын сен сұрағаннан кейін Сырдың жанындағы елдің жағдайы нашарлау, жұмыс орны болсын деп ана жақтан алып саған бердік. Сендер қалай салып жатырсыңдар?", - деп  сұрады Елбасы Қызылорда  облысының әкімі Көшербаевтан. "Жақында Асқар Ұзақбайұлы (премьер-министрдің орынбасары Мамин) болды. Аманшылық болса, қазанда құрылысын  бітіреміз деп жоспарлаудамыз", - деді облыс әкімі. Келесі кезекте Президент Қостанай облысында құны 3,3 млрд. теңгені құрайтын құс етін шығаратын кәсіпорын да тоқтап тұрғанын айтты. "2013 жылдан бері сот болып жатыр. Жақында ғана барлығы аяқталды. Құрылтайшылар 3 жылдай бір-бірімен соттасты. Сол себепті тоқтап қалды. Жақында ғана сот шешімі күшіне енді", - деді бұл мәселеге қатысты сөз алған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Мемлекет басшысы Қарағанды облысында құны 1 млрд теңгені құрайтын болат радиаторлар шығаратын зауыттың да тоқтап тұрғанын атап өтті.

"Бұл мәселені білеміз. Құрылтайшысы сотталған соң тұрып қалды. Оны қазір ары қарай жүргіземіз", - деді өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков. "Екеуіңде құрылтайшы деп отырсыңдар. Мына жерде Жоғарғы сот та, Бас прокурор да отыр. Кім керек, саған? Оларды шақырып алып не шешіңдер, не кетіңдер деп  айтатын адам жоқ па? Сендерді жергілікті жерге қожа болсын, елдің шаруасын шешсін деп тағайындадым. Не істесе оны істесін деп көздеріңді бақырайтып қарап отырасыңдар ма? Үкіметке келіңдер, бәрін шақырып алыңдар, жұмыс істеткізіңдер. Істейсіңдер, болмаса, басқаға береміз деу керек", - деп ескертті президент өңір басшыларына. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу