Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов кейбір операторлар өтінімді мақұлдау кезінде кәсіпкерлерден заңнамада көзделмеген құжаттарды талап ететінін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
"БАҚЫЛАУДА" ақпараттық сервисінің мемлекеттік қолдау шаралары үшін цифрлық платформа болу перспективасы екіталай. Оның мәртебесі заңмен бекітілмеген. Кейбір операторлар мен мемлекеттік органдар оған деректерді енгізбейді. Ондағы деректердің анықтығы мен сапасы үшін ешкім жауап бермейді. Сервисте тексерілмеген әрі 2023 жылға дейінгі деректер ғана бар. Ең бастысы, оны Қаржы министрлігі әкімшілендіреді. Ұлттық экономика министрлігінің бұған қатысы жоқ. Бір-бірімен үйлеспейтін мемлекеттік қолдау жүйесі салдарынан көптеген оператор пайда болды. Мәселен, қарыздарды субсидиялау, экспорттық қаржыландыру, консультация беру, шығындардың бір бөлігін өтеу операторлары және т.б", – деді Әлихан Смайылов.
ЖАП төрағасы операторлардың қызметіне жұмсалатын шығыстарды есептеу бірыңғай емес деп отыр. Оның айтуынша, әр оператор өз қызметінің құнын өз қалауынша айқындайды, іс жүзіндегі еңбек шығындарын есепке алмайды.
"Кейбір операторлар өтінімді мақұлдау кезінде кәсіпкерлерден заңнамада көзделмеген құжаттарды талап етеді. Басқа операторлар мемлекеттік қолдауға тең қол жеткізуді және оны берудің ашықтығын қамтамасыз етпейді. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы "Мен – кәсіпкер" құралы бойынша жекелеген субъектілерге консультация берумен ғана шектеледі. Кейбіреулерге қосымша көрмелер, бизнес оқыту өткізеді, бизнес-жоспар әзірлеп береді. "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы "Іскерлік байланыстар" жобасына өтінімдерді қабылдау ресми түрде басталғанға дейін өтінім беру туралы алдын ала хабардар болған адамдарды жіберген. Сондай-ақ түрлі шекті сыйақы мөлшерлемесімен ұқсас қолдау шаралары қатар көрсетілген. Төмен кредиттік рейтингіне қарамастан бірқатар компанияға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Ал көпшілік үшін бұл шектеу сақталған", – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек жеңілдетілген қаржыландыру шарттарына сәйкес келмейтін жобалар да жиі қолдау алып отырғаны да анықталды.
"Қолдау көлемдері бойынша да бірқатар сұрақ бар. Аудиттің бағалауынша, жекелеген жобалар бойынша қаржыландыру көлемі асыра көрсетілген. Шығыстар жеңілдікпен берілетін кредиттің мақұлданған сомасына сәйкес келтірілген. Құқықтық тұрғыдан қарасақ, талап етілетін жобалық құжаттама бар, кредиттер өтелуде. Алайда артық қаражат басқа жобаларға бағытталуы мүмкін еді. Құнын дұрыс есептемеу салдарынан тек бір жоба бойынша 20 млрд теңге немесе қарыз сомасының 16%-ы игерілмей, күші жойылған", – деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов.
Айта кету керек, бұған дейін Әлихан Смайылов бизнесті қолдау тетіктерінің кемшін тұстарын айтқанын жазғанбыз.