Топан су 30 жылғы салғырттықтың салдары екенін мойындамайтын күштер бар – мәжілісмен

172

Депутаттың дерегінше, БҚО-да тасқын салдарынан 162 үй қирап қалған.

Топан су 30 жылғы салғырттықтың салдары екенін мойындамайтын күштер бар – мәжілісмен Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлерді қызметтен босатуды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жұмысына салғырт қараған, халықтың басын қатерге тіккен мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсысының лауазымына, тегіне қарамастан, оларды қызметтен босату керек. Бұл – Президенттің және елдің нақты талабы. Аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай бардық. Құлсарыда 2800 үй су астында қалған. Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 162 үй қирап қалды", - деді ол депсауалында.

Айтуынша, ендігі қатер – Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метрге жетіп, енді сол су елімізге қарай жөңкілеп келеді, деп жалғастырды ол.

"Жайық өзені Батыс Қазақстан облысының 800 шақырым жерінен ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі – 8,5 метр. Демек келе жатқан су қауіпті деңгейден айтарлықтай жоғары. Жайықтың бойында 84 елді-мекен бар, ол жақта 94 129 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес", - деп атап өтті мәжіліс.

Су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі – өтемақы. 

"Ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуі тиіс. Комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып, аралық акт жасауы шарт. Бұл өңірдегі басты мәселе. (...) Осы тұста еліміздегі бөгеттер мен бөгендер мәселесінің көтерілуі заңдылық. Олардың жағдайы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттықтың салдары екенін мойындағысы келмейтін кейбір күштер бар. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан бері ол жерлер жөндеу көрмеген. Биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туады. Оған себеп – ғылымға жағдайдың жасалмауы. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында мыңдаған ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған", - деді Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу