Төрт аудан көмірді Тараз және Шу қалаларынан тасымалдап отыр

456

Жамбыл облысында Байзақ, Жамбыл, Талас және Мойынқұм аудандарында теміржол тұйықтары бар көмір сатумен айналысатын нарықтық субъектілер жоқ.  

Төрт аудан көмірді Тараз және Шу қалаларынан тасымалдап отыр Фото: canva.com

Сондықтан бұл ауданның тұрғындары қатты отынды Тараз және Шу қалаларынан сатып алып, тасымалдауға мәжбүр.

Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов бүгінге дейін өңірге 55,3 мың тонна көмір жеткізілгенін айтты.

Бұл – қысқа керек қатты отынның үштен бірінен астамы ғана. Жалпы арнайы сауда орындарына көмір мамырдан бастан келесі сәуірге дейін түсіп отырады.

Тасымалдаушы – "ҚТЖ-Жүк тасымалы" АҚ. Акционерлік қоғамның берген мәліметіне сүйенсек, темір жол арқылы 1 мамыр мен 27 қыркүйегі аралығында облысқа 198,4 мың тонна көмір тасымалданған.

Облыста көмірді тікелей сатумен 31 нарық субъектісі айналысады. Оның 24-і өңірлік операторлар. Қазір облыстағы көмір тұйықтарында шамамен 13,6 мың тонна көмір бар. Оның ішінде Тараз қаласында 5,2 мың тонна жиналған.

"Шұбаркөл және Қаражыра маркалы көмірдің құны сортына қарай 16 мыңнан 19,5 мың теңге аралығында сатылуда. Шалғайдағы елді мекендерге тасымалдау шығынын есепке алсақ, құны бір тонна үшін шамамен төрт-бес мың теңгеге өсуі мүмкін. Қазір облысқа көмір вагондары тапсырыстарға сәйкес үнемі келіп жатыр. Қоймаларда көмір тапшылығы жоқ", – дейді Д.Тұңғатов.

Негізі алдағы жылыту маусымында бюджеттік ұйымдар мен облыс тұрғындарының қатты отынға қажеттілігі 212,3 мың тоннаны құрауы мүмкін деп болжам жасалған. Бүгінге дейін жоспарланған көлемнің 55 пайызы жеткізілген.

Алдын ала жасалған болжам бойынша өңір тұрғындары үшін жылыту маусымында 149,7 мың тонна көмір қажет. 

Айта кету керек, өткен жылмен салыстырғанда облыста көмір тұтыну көлемі 10,6 мың тоннаға төмендеген. Себебі 2022 жылы Жамбыл облысында тағы 17 елді мекен газдандырылған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу