Торттың ішінен екі телефон шықты: Өскеменде сәлемдемеден тыйым салынған зат табылды

251

Атырауда тағы бір телефон қарақұмықтың ішінен табылды.  

Торттың ішінен екі телефон шықты: Өскеменде сәлемдемеден тыйым салынған зат табылды Фото: ҚР Ұлттық ұланы телеграм

Өскемен мен Атыраудағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталғандарға тыйым салынған ұялы телефондарды жеткізу әрекеттерінің жолы кесілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өскемендегі №17 түзету мекемесінде ер адам сотталғанға екі ұялы телефон мен екі SIM-карта өткізбек болған. Ол тыйым салынған заттарды торттың ішіне жасырған.

Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің бақылаушысы азық-түліктің әдеттегіден ауыр екенін байқап, күмәнданған. Тексеру кезінде торттың ішінен екі телефон мен екі SIM-карта табылды.

Тыйым салынған заттарды өткізуге тырысқан Өскемен тұрғынына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша материалдар жинақталып, сотқа жолданды.

Ал Атыраудағы №15 ҚАЖ мекемесінде әскери қызметшілер сотталғанға арналған сәлемдемеден тыйым салынған заттарды анықтады. Бұл жолы олар піскен қарақұмық ботқасының ішіне жасырылған. Тексеру барысында үш ұялы телефон мен бір қуаттағыш табылды.

Ұлттық ұлан мен ҚАЖ қызметкерлерінің айтуынша, сәлемдемелерді, оның ішінде азық-түлік өнімдерін мұқият тексеру тыйым салынған заттарды мекеме аумағына өткізу әрекеттерін дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу