BBC-дің жазуынша, мұндай шешімді Джорджия штатының судьясы Скотт Макафи қабылдаған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прокуратураның өкілі Пит Скандалакис Дональд Трампқа қатысты істі тоқтату туралы өтініш берген болатын. Бұл 2020 жылғы сайлаудағы соңғы қылмыстық іс саналады.
– Әділ және бейтарап прокурор бұл құқықтық соғысқа нүкте қойды, – деп пікір берді Трамптың адвокаты.
Скандалакис сәрсенбіде Фултон округінің судьясы Скотт Макафиге берген өтінішінде істі "әділеттілік мүддесі және түпкілікті шешімді қамтамасыз ету үшін" тоқтататынын мәлім еткен.
Істі тоқтату Нью-Йорк қаласының бұрынғы мэрі және Трамптың бұрынғы адвокаты Руди Джулиани мен Трамп бірінші мерзімде президент болған уақытта аппарат басшысы болған Марк Мидоусты қоса алғанда 18 қатысушыға да қатысты.
Округ прокуроры Фани Уиллис 2021 жылдың ақпан айында Washington Post газеті Трамп пен Республикашыл мемлекеттік хатшы Брэд Раффенспергер арасындағы әңгіменің жазбасын жариялағаннан соң бұл іске қатысты тергеу бастаған еді.
2021 жылдың 2 қаңтарында түсірілген жазбада Трамптың: "Мен тек 11 780 дауыс тапқым келеді" деп айтқаны анық естілген. Ол Джорджия штатында қарсыласы Джо Байденнен дәл осы айырмашылықпен жеңіліп қалды.
Уиллис 2023 жылдың тамызында Трамптың сайлау қорытындыларына араласу үшін тағы 18 айыпталушымен сөз байласқанына сендіріп, айыптау актісін шығарды. Айыптауларға бірнеше қылмыс кірген.
Айыптау тарапы Трамптың жеңілісін мойындаудан бас тартып, сайлау қорытындыларын өз пайдасына заңсыз өзгерту үшін қастандыққа саналы түрде барғанын мәлімдейді.