АҚШ-тың ресми өкілдері Иранмен соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздер үшін енді Пәкістанға бармайды. Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
26 сәуірде Fox News арнасының The Sunday Briefing бағдарламасына берген сұхбатында Трамп мұндай шешімді түсіндірді. Ол Вашингтонның Тегеранмен қақтығыста басымдыққа ие екенін алға тартты.
"Барлық басымдық біздің қолымызда. Егер олар сөйлескісі келсе, бізге келе алады немесе қоңырау шала алады. Телефон бар. Бізде қауіпсіз байланыс желілері бар. Бірақ шынын айтсам, телефон желісі толықтай қорғалғанына сенімді емеспін. Дегенмен бізде қорғалған байланыс арналары бар", – деді Дональд Трамп.
АҚШ президенті келіссөз жүргізушілерді Пәкістанға жіберу көп уақытты талап ететінін жеткізді.
"Егер олар қаласа, біз сөйлесеміз. Алайда кездесу үшін өз адамдарымызды 18 сағаттық жолға жібермейміз", – деп түйіндеді Ақ үй басшысы.
Бұған дейін АҚШ президенті Стивен Уиткофф пен Джаред Кушнердің Исламабадқа жоспарланған сапарын орта жолдан тоқтатты. Сәуір айының соңында Пәкістан астанасында Иранмен келіссөздердің кезекті кезеңі өтуі тиіс болған.
АҚШ пен Иран арасындағы алғашқы тікелей келіссөздер 11 сәуірде Исламабадта өтті. Тараптар арасындағы келіссөздер оң нәтиже берген жоқ. Келесі күні Трамп Ормуз бұғазы қоршалғанын мәлімдеді. Кейін Иран АҚШ-ты бітім шартын бұзды деп айыптады.