CBS News дерегінше, АҚШ президенті Дональд Трамп ұлттық қауіпсіздік жүйесінің жоғары лауазымды өкілдерінен Иранға қарсы әскери дайындық барысы туралы баяндама алған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақпарат көздерінің айтуынша, ықтимал соққы алдағы сенбі күні жасалуы мүмкін.
Дегенмен Ақ үйдегі талқылаулар "динамикалық және жалғасып жатқан" сипатта. Трамп шабуылға рұқсат беру жөнінде түпкілікті шешім қабылдамаған. Әкімшілік эскалация тәуекелін, сондай-ақ соғыс бастау немесе одан бас тартудың саяси әрі әскери салдарын таразылап отыр. Осыған байланысты операцияның нақты уақыты кейінге шегерілуі де ықтимал.
Пентагон Иран тарапынан болуы мүмкін жауапты ескере отырып, Батыс Азиядағы кейбір әскери және азаматтық персоналды уақытша Еуропа немесе АҚШ аумағына көшіруді жоспарлаған. Ведомство бұл қадам әлеуетті қақтығыс алдында қолданылатын стандартты қауіпсіздік шарасы екенін атап өтті.
Сәрсенбі күні Ақ үйдің Ситуациялық бөлмесінде Иран мәселесі арнайы қаралды. АҚШ ресми тұлғаларының мәліметінше, наурыз айының ортасына дейін аймаққа бағытталған барлық әскери күштер толық орналастырылуы тиіс.
Қазіргі таңда өңірде USS Abraham Lincoln ұшақтасығыш тобы бар. Ал USS Gerald R. Ford Батыс Азия бағытына бет алған, қазір Африканың батыс жағалауында орналасқанын теңізді бақылау қызметтері хабарлап отыр.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Ливитт Иранға соққы беруге "бірқатар салмақты аргументтер" бар екенін айтқанымен, дипломатия президент үшін әлі де басты басымдық болып қала беретінін жеткізді. Сонымен қатар әкімшілік маусым айында Иранның ядролық нысандарына қарсы жасалған операцияны "тиімді" деп бағалайды.
Сонымен бірге Тегеран мен Вашингтон арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жанама келіссөздер жалғасуда. АҚШ тарапы белгілі бір ілгерілеу барын мойындағанымен, негізгі мәселелер бойынша келіспеушіліктер сақталып отырғанын мәлімдеді.
Осы тұста Иранның рухани көшбасшысы Әли Хаменеи әлеуметтік желілерде USS Gerald R. Ford ұшақтасығышының теңіз түбінде жатқан бейнесін жариялап, әскери кемеден де қауіпті қару – оны су түбіне жіберуге қабілетті құрал екенін меңзеген жазба қалдырды.