Трамп келесі жылы Қытайға барады

424

Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісінде жазба қалдырды.

Трамп келесі жылы Қытайға барады Фото: iphones.ru

АҚШ президенті Дональд Трамп келесі жылдың сәуір айында Бейжіңге сапармен баратынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Трамп ҚХР басшысымен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

"Президент Си мені сәуірде Бейжіңге келуге шақырды, мен бұл шақыруды қабылдадым. Бұл ретте оны АҚШ-қа мемлекеттік сапармен келуге шақырдым", – деді Ақ үй басшысы.

АҚШ президенті қытайлық әріптесімен өте жақсы әңгіме өрбігенін жеткізді. Тараптар Украина мен Ресей ахуалын, фентанил мәселесін, соя және басқа да ауыл шаруашылық өнімдерінің саудасын талқылаған. Сонымен қатар америкалық фермерлер үшін маңызды келісімге қол жеткізілгені де айтылды. Трамп Вашингтон мен Бейжің арасындағы қарым-қатынасты өте мықты деп баға берді.

Бұған дейін АҚШ Қаржы министрінің басшысы Скотт Бессент Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің келесі жылы төрт кездесуі өтуі мүмкін екенін айтқан. Екі мемлекеттік сапардан бөлек, екі ел басшылары Флоридадағы G20 саммитінде және Қытайдың Шэньчжэнь қаласындағы Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастық форумында жүздесуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу