Трамп Нью-Йоркке бөлінетін қаржыны қысқартпақ

97

Ақ үй басшысы осындай сес көрсетіп отыр.

Трамп Нью-Йоркке бөлінетін қаржыны қысқартпақ Фото: Andrew Harnik / Getty Images

Нью-Йорктің алдағы мэр сайлауында демократ Зохран Мамдани жеңсе, қалаға бөлінетін федералдық қаржыландыру көлемі қысқарады. Бұл туралы АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді. Ол өз жақтастарын тәуелсіз кандидат Эндрю Куомоға дауыс беруге шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW-ге сілтеме жасап.

"Сіздерге Эндрю Куомо ұнай ма, ұнамай ма – басқа таңдау жоқ. Соған дауыс берулеріңіз керек", – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Трамп коммунист деп атап кеткен Мамдани жеңіске жетсе, онда Ақ үй мегаполиске заңмен бекітілген ең төменгі көлемнен артық қаржы бөлмейді. Дауыс беру 4 қараша күні өтті. Сауалнама нәтижесі бойынша Мамдани Куомо мен Республикалық партия кандидаты Кёртис Сливадан алда келеді. 

Өз кезегінде Мамдани қарсыласына Трамптың қолдау көрсетуі дұрыс емес деп отыр.

"Эндрю Куомоға MAGA қозғалысының қолдау білдіруі Дональд Трамптың бұл адамды ең тиімді мэр болады деп есептейтінін білдіреді. Трамп пен Куомоның донорлары бір, көзқарастары да бірдей", – деді Зохран Мамдани.

Нью-Йорктағы сайлау қорытындысы Демократиялық партияның одан әрі беделіне ықпал етуі мүмкін. 34 жастағы Мамдани сайлаушылардың қолдауына ие болған. Ол Демократиялық партияның праймеризінде Куомоны жеңіп шыққан. Бұған дейін Демократиялық партияның мүшесі болған Эндрю Куомо сайлауға тәуелсіз кандидат ретінде қатысып жатыр.

Нью-Йорк қалалық есеп палатасының дерегінше, мегаполис жыл сайын шамамен 7,4 млрд доллар көлемінде федералдық қаржы алады, бұл қала бюджетінің 6,4 пайызына тең.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу