АҚШ президенті Дональд Трамп Польша аумағында америкалық әскердің тұрақты базасын орналастыру жөніндегі келіссөздерде айтарлықтай ілгерілеу барын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Ақ үй басшысы Польша президенті Кароль Навроцкийге алғысын білдіріп, келіссөздердің алға жылжуына оның тікелей ықпалы бар екенін атап өтті.
"Егер жоспар іске асса, базаның орналасатын жері жақын арада жарияланады. Бұл АҚШ пен Польша арасындағы одақтастық үшін тарихи қадам болмақ", – деп жазды Трамп Truth Social желісінде.
Кароль Навроцкий өз кезегінде Польша қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді. Оның сөзінше, ел билігі америкалық әскери база үшін қолайлы орын ұсынуға күш салмақ.
Ресми Варшава НАТО-ның шығыс шекарасында одақтас күштердің көбейгенін бірнеше жылдан бері талап етіп келеді. Бұл мәселе әсіресе, Ресейдің 2022 жылы Украинаға басып кіруінен кейін өзекті болып отыр.