АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің президенттік мерзімі аяқталғанша ел аумағын сыртқы қауіптерден қорғауға арналған "Алтын күмбез" атты зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Президент қызметіне кіріскен сәттен бастап басты басымдықтардың бірі ретінде белгіленген бұл жоба Израильдің "Темір күмбез" жүйесіне ұқсас болмақ. Сайлауалды науқанда да Трамп мұндай ауқымды қорғаныс құрылымын салуға уәде берген болатын.
Оның айтуынша, жобаның болжамды құны — 175 миллиард доллар. Алайда АҚШ Конгресінің бюджет басқармасы бұл көрсеткіштің әлдеқайда жоғары — шамамен 542 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін екенін болжауда.
Сейсенбі күні сөйлеген сөзінде Трамп "Алтын күмбез" жүйесіне бастапқы қаржы ретінде салық реформасы мен шығындарды оңтайландыру туралы заң жобасынан 25 миллиард доллар бөлінетінін айтты. Бұл заң жобасын әлі Конгресс мақұлдауы тиіс. Сонымен қатар, ол Канада тарапынан да жобаға қаржылай қолдау көрсетілуі мүмкін екенін жеткізді.
- "Алтын күмбез" толығымен іске қосылғаннан кейін, ол зымырандарды ғарыштан немесе әлемнің кез келген түкпірінен ұшырылғанына қарамастан тосқауылдай алады. Бұл — АҚШ тарихындағы ең үздік қорғаныс жүйесі болады, - деді Трамп.
Президенттің мәлімдеуінше, бұл ауқымды жобаны АҚШ-тың Ғарыш күштерінің ғарыштық операциялар жөніндегі басшысының орынбасары, генерал Майкл Гетлейн тікелей бақылауға алады.
Айта кетейік, осы жылдың қаңтар айында жарияланған "Американың темір күмбезі" атты президент жарлығы аясында Пентагонға гипердыбыстық зымырандар мен "ғарыштық тосқауыл" жүйелерін қамтитын жаңа қорғаныс бағдарламасының егжей-тегжейін әзірлеуге 60 күн уақыт берілген болатын.