Ол Truth Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Рим Папасы бейнесіндегі суретін жариялады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Парақшада жарық көрген фотода Дональд Трамптың алтын жалатылған тақ үстінде католик дінбасылары киетін ақ киіммен отырғаны көрінеді. Ал басында христиан шіркеу басыларының бас киімі – митра, кеудесінде алтын крест бар. Оң қолының сұқ саусағы жоғары көтеріліп, сақина саусағында папа сақинасы тағылған.
Дегенмен суреттің астында ешбір мәтін жазылмаған әрі фотоның жасанды екені байқалады. Бір қызығы, Ақ үй Трамптың суретін бөліскен.
Негізі АҚШ президенті Рим Папасы болғысы келетінін айтып, осыған дейін де әзілдеген. Forbes Breaking News YouTube арнасында жарияланған бейнероликте ол тілшілерге "Мен Рим Папасы болғым келеді. Бұл менің бірінші таңдауым болар еді" деп айтқан.
Сондай-ақ, ол понтифик лауазымына ықтимал кандидаттар арасында өзінің артықшылығы жоқ екенін жеткізген.
Жалпы, жаңа Рим Папасын таңдау рәсімі 7 мамырға жоспарланған.